АУДАН ӘКІМІ ТҰРҒЫН ҮЙДІ БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА ТӘРТІБІН ТҮСІНДІРДІ
Көпқабатты үйлердің тұрғындарының жылжымайтын мүлік иелері бірлестігіне (МИБ) немесе жай серіктестіктерге (ЖС) көшуіне бір айдан аз уақыт қалды. 1 шілдеден бастап ПИК жұмысын тоқтатуы керек. Осы орайда, аталған бастаманы кеңінен түсіндіру мақсатында Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов ауданға қарасты көпқабатты тұрғын үй комитеттерінің төрағаларымен және тұрғындармен кездесу өткізді.
Онда аудан әкімі көпқабатты тұрғын үйлерді басқарудың жаңа түріне көшу мәселелерін түсіндірді. Сонымен қатар қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұров пен өзге де жауапты мамандар 2022 жылдың шілдесінен бастап бұрынғы пәтер иелерінің кооперативі жұмысын тоқтатып, оның орнына үй басқару толық пәтер иелерінің қолына өтетінін жеткізді. Аталған басқару үлгісіне көшу үшін мүлік иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестік формаларының бірі таңдалуы тиіс.
«Ол үшін көпқабатты үй тұрғындарының кемінде 10 пайызы жиналып, белсенді топ құрады. Одан кейін жалпы жиналыс өткізіп, оған сол үйдегі тұрғындар қатысуы тиіс. Сол жерде нысанды басқарудың пәтер иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестік секілді екі түрінің бірі таңдалып, хаттама түзіледі. Егер пәтер иелерінің бірлестігі болса, онда заңды тұлға ретінде әділет органында тіркеледі, ал жай серіктестік жеке тұлға ретінде қызмет етеді. Ол үшін сол тұлғаға барлық тұрғын сенім білдіруі тиіс» деді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, кездесуде қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұров алдағы уақытта жаңа үлгіге сәйкес, тұрғындардың пәтердің шаршы метріне қарай қаржы жинайтынын, ал аталған қаржы үйді залалсыздандыру, коммуналдық жүйені күтіп ұстау сынды жұмыстарға жұмсалатынын түсіндірді. Ал атқарылатын істердің сапасын пәтер иелері бақылай алады. Жалпы жиында тұрғындар өздерін мазалаған сауалдарды спикерлерге қойып, жауабын алды.