«ТАЗА БОЛСА ТАБИҒАТ — АМАН БОЛАР АДАМЗАТ» СУРЕТТЕР БАЙҚАУЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Өскелең ұрпақтың бойында экологиялық сауатты қалыптастырудың маңызы зор. Себебі дәл осы бағыт арқылы аталған саладағы өзекті мәселелерді ұзақ мерзімде шешуге болады. Қоршаған ортаны күтіп ұстайтын ұрпақ есейсе, заңнан аттап, талапты ескермейтіндер саны азая түсері хақ. Ал бұл бағытта Түркістан облысында атқарылып жатқан шаруа көп. Соның бір айқын айғағы ретінде жақында ғана аяқталған «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» балалар сурет байқауын айтуға болады.
Аталған байқау Түркістан облысы бойынша экология департаменті ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің бастамасымен, жас ұрпақты қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру мен ұқыпты қарауға тәрбиелеу, экологиялық ойлауды дамыту мақсатында балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінің арасында өткізді. Жалпы «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» балалар сурет байқауы жыл сайын өткізіледі.
Бұл жолы байқауға «Түркістан облысының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» КММ-нен 5 тәрбиеленуші, «Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» КММ-нен 4 тәрбиеленуші, «Т. Тажібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйі» КММ-нен 5 тәрбиеленуші қатысты. Өткен айдың соңына қарай аталған байқаудың конкурстың комиссиясы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.
Нәтижеге келсек, «Т. Тажібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйі» КММ тәрбиеленушісі Ерасыл Өскенбаев жеңімпаз атанды. Жүлделі ІІ орын «Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» КММ тәрбиеленушісі Игорь Тужиковқа бұйырса, «Түркістан облысының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» КММ тәрбиеленушісі Виктория Агеева ІІІ орынға лайық деп танылды.
Байқау қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың 7 маусымында салтанатты шара өтті. Онда Түркістан облысы бойынша экология департамент басшысының I, II және ІІІ орынға арналған грамоталары және алғыс хаттары жеңімпаздар мен жүлдегерлерге табысталды.