СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАҒАН 5 АЗАМАТҚА СЫЙАҚЫ БЕРІЛГЕН
Салалардың дамуына кедергі болып отырған фактордың бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен күресте мемлекет тарапынан түрлі шаралар қабылданып, жүзеге асырылып келеді.
Қазіргі уақытта заңсыздық турасында алдын ала хабарлаған азаматтарға ақшалай сыйақы беру де қарастырылған. Мәселен, Шымкентте сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған 5 азаматқа 900 мың теңге көлемінде сыйақы берілген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев мәлімдеді.
«Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдесетін тұлғалар үшін заңнамалық түрде біржолғы ақшалай сыйақылар белгіленген. Жыл басынан бері өтініштері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жолын кесуге ықпал еткен 5 тұлға көтермеленді. Олардың сыйақы мөлшері 900 мың теңге көлеміндегі қаржыны құрады» деді ол.
Қазіргі уақытта сыйбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде тәулік бойы 1424 CaII-орталығы жұмыс істейді. Лауазымды тұлғалар тарапынан ақша бопсалау, жымқыру және өкілеттілігін асыра пайдалануға тап болған кез келген азамат осы нөмірге тәулік бойы хабарласа алады. Мамандар хабарлама қабылдайды, кеңес береді және міндетті түрде Агенттік тарапынан тиісті шаралар қабылданады.