«БІР ТАЛ КЕССЕҢ, ОН ТАЛ ЕК» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Өткен ғасырда өндірісті дамыту мақсатында табиғи ресурстарды ретсіз пайдаланумен қатар, қоршаған ортаға ауқымды залал келтірген өркениетті елдер бүгінде экологияға айрықша назар аударып келеді. Баламалы энергия көздері кеңінен қолданысқа еніп жатыр. Десе де мұның өзі аздық етеді. Әуелі қоғамның ойын өзгертіп, қоршаған ортаға деген құрметін қалыптастырмайынша, экология күн тәртібіндегі түйткілді түйін болып қала бермек. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде қоршаған ортаны сақтау мен күтіп ұстауды насихаттайтын шаралардың саны артуда. Осындай игі бастаманың бірі жуырда Түркістан облысында өтті.

Нақтырағы, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 5 маусым — Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мерекесі қарсаңында «Бір тал кессең, он тал ек» экологиялық акциясын өткізуді жоспарлаған еді. Осыған орай, Түркістанда 4 маусым күні аталған акция негізінде азаматтар жиналып, аумақтарды қоқыстардан тазартты. Іс-шара 3 бағытта өтті. Акция аясында елді мекендердің айналасындағы рұқсат етілмеген қоқыстарды жою, көпірлерді, өзендердің, каналдар мен бұлақтардың арналарын жинап-тазалау, саябақтар мен аллеяларды тазарту жұмыстары жүргізілді. Белсенділік танытып, шараға қатысқан азаматтардың қатары қалың.
Мұндай акциялар экомәдениетті дамытуға, табиғатқа ұқыпты қарауға, жастарды туған өлкеге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге үлкен үлес қосады. Жауапты мамандар алдағы уақытта да аталған бағыттағы іс-шаралардың жалғасатынын айтты.