БАЛАЛАР КҮНІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Бала – өмірдің мәні, отбасының қуанышы. Шымкентте 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай салтанатты шара өтті. Әл-Фараби алаңында ұйымдастырылған мерекелік бағдарламаға 500-ге жуық бала қатысты. Олар жол бетіне балғын шақтың сәттерін бейнеледі. Шара соңы оқушылардың қолымен жасалған қолөнер бұйымдарының көрмесіне ұласты.

Аталған шараға үшінші мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, балаларды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар шаһар басшысы балалар жылы аясында бірқатар жаңа нысандардың іске қосылатынын айтты. «Балаларымыз – біздің бақытымыз және болашағымыз! Мемлекет басшысы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай, 42,9 млрд теңге қаржы қарастыра отырып, 84 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Биыл қаламызда 143 балалар ойын алаңшасы, 33 спорт алаңшасы, 16 мектеп, 1 оқушылар сарайы мен №2 балалар саз мектебі іске қосылады. 2021-2022 оқу жылында қаламыздың бес жүзден астам оқушы республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі сайыстарда топ жарды. Бұл біз үшін мақтаныш. Ең алдымен шымкенттік ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі. Сондай-ақ оқушылардың дамылсыз білім алып, оқып-үйренуге жұмсаған алтын уақытының қайтарымы деп білемін» деді қала әкімі.
Содан соң шара қабілеті мен дарынын ұштап, талай додаларда топ жарып жүрген оқушылардың шеруіне ұласты. Оған қатысқан балалар — халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары. Айта кету керек, салтанатты шараға балалар мен ата-аналар, қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған халық қалаулылары қатысты. Қонақтар ҚР Халық әртісі Майра Мұхамедқызы мен өнерлі өрендердің өнерін тамашалады.