УКРАИНА ДАҒДАРЫСЫ: 70 ЕЛДЕ ДЕФОЛТ БОЛУЫ МҮМКІН…

Украинадағы жағдайдың салдары ауыр болатыны турасында сарапшылар сан рет пікір білдіріп, ойын ортаға тастап келеді.

Енді БҰҰ Даму бағдарламасының басшысы Ахим Штайнер Украинадағы жағдай инфляция мен кредиттер бойынша мөлшерлемелердің өсуіне байланысты дефолтқа тап болуы мүмкін 70-тен астам елдегі дағдарысты шиеленістіріп отырғанын мәлімдеді.
Маман БҰҰ-ның дағдарысқа қарсы жұмыстарды жемісті жүргізіп келе жатқанын тілге тиек ете келе, көптеген дамушы мемлекеттердің экономикасында ақша қалмағанын атап өтті. Қазіргі уақытта батыстың алпауыттары бюджетінің біраз бөлігін басқа елдерге көмектесу үшін жұмсап отыр. Десе де бұл қаражат уақыт өткен сайын азая түсуде. Мұның салдары әлемге ауыр тиюі әбден мүмкін.
Ал Ресей мен Украина арасындағы мәселе уақыт өткен сайын ушығып барады. Соңғы жағдайларға назар аударсақ, қос мемлекеттің келісімге келер түрі жоқ. Логистикалық тізбек бұзылды. Азық-түлік тапшылығы сезілуде. Қымбатшылық жайлап барады. Ахуалдың оңалар түрі жоқ. Мүдделер қақтығысы миллиондардың табысынан айырылуына себепші болуда. Ал бұл әлемдік саясаттың алыптарын алаңдатып отырған жоқ сияқты…