5 ЖЫЛДА 1050 АЯЛДАМА ҚОЮ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР
Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында қыруар іс атқарылуда. Жолаушылар тасымалдау қызметі де жыл өткен сайын жақсара түсуде. Қоғамдық көліктер жүйелі түрде жаңарып келе жатыр. Жол жөндеу жұмыстары да жоспардан қалып келе жатқан жоқ. Салада атқарылған осы және өзге де жұмыстар турасында қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов әлеуметтік желіде өткен тікелей эфир барысында айтты.
«Шымкент қаласындағы қоғамдық көлік компанияларына қойылатын басты талап – бәсекеге қабілетті болу. Қазіргі таңда жолаушылардың талабын орындамайтын тасымалдаушылармен келісімшарт бұзылады. Шаһарда автобустарды жаңартып, аралық интервалды сақтау, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау талап етілуде. Сонымен бірге субсидия алатын тасымалдаушыларға да талап күшеюде. Қазір шалғайдағы барлық елдімекендер жаңа автобустармен толық қамтылды. Қазір бәсекенің, нарықтың заманы» деді басқарма басшысы. Жауапты сала басшысының бұл сөзіне «Бек-Сервис» және «MAN Оңтүстік» компанияларымен арадағы келісімшарттың біржақтама бұзылғанын дәлел ретінде келтіруге болады. Себебі аталған мекемелердің қызмет көрсету сапасы жолаушылардың көңілінен шықпаған. Қала тұрғындары тарапынан ауа баптағышы жоқ, интервал сақталмайды, автобус ескі деген шағымдар көбейген.
Салада атқарылып жатқан жұмыс көп. Жаңа автобустар кезең-кезеңімен қолданысқа беріліп жатыр. Жаңа аялдамалар орнату жұмыстары да қарқын алған. Қазіргі таңда үшінші мегаполисте 1886 аялдама орны болса, 442-не аялдама жетіспейді. Десе де баршасы кезең-кезеңімен ауыстырылады. 2021-2025 жылға арналған даму жоспарына сәйкес, 5 жылда 1050 аялдама қою жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 670 жаңа аялдама қойылған. Бес жылда аялдамаларды жаңарту 83 пайызға жетпек. Жалпы жыл басынан бері басқарма тарапынан қала бойынша 63 аялдама демонтаж жасалып, шалғайдағы елді мекендерге орнатылды. Осы тұста айта кету керек, тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан бірнеше сауалдар түсті. Сала жетекшісі оның әрбіріне тоқталып, азаматтарды мазалаған сұрақтарға жауап беріп өтті.