«ТАССАЙ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫ КӘСІПКЕРЛІК САЛАҒА ТЫҢ СЕРПІН БЕРУДЕ
«Тассай» индустриалды аймағы Шымкент қаласындағы кәсіпкерлік салаға тың серпін беріп, жаңа кәсіпорындардың көптеп құрылуына мұрындық болып отыр. Сөз жоқ, саладағы маңызы зор орталықтың жұмысы әкімдіктің бақылауында. Осы орайда, қала әкімі Мұрат Әйтенов индустриалды аймаққа барып, жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындардың жұмысымен танысып қайтты.
Жаңадан бой көтеріп жатқан мекемелерге келсек, «Аlem luxury» ЖШС-нің құрылысы жуырда аяқталды. Жиһаз өндіретін фабрика жылына 5 мың жиһаз өндіруге қауқарлы. Аталған жобаны жүзеге асыруға 500 миллион теңге тартылған. Нақты жоспар мен атқарылған жұмыстар жайын шаһар басшысы аралап шығып, оң бағасын берді.
Келесі нысан — «DentaFill Kazakhstan» ЖШС. Кәсіпкерлік нысан дәрілік және гигиеналық заттарды өндіреді. Жылына 10 миллион дана өнім шығаруға қауқары жететін мекеменің бүгінде құрылысы аяқталған. Қазіргі уақытта қажет құрал-жабдықтармен жабдықталып жатыр. Фабрика жұмысымен танысқаннан соң қала әкімі «Smart eng» жиһаз фабрикасына табан тіреді. Жылына 120 мың жиһаз өндіруге әлеуеті жететін кәсіпорын жуырда ресми түрде жұмысын бастамақ. Нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны құрылады. 2 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорынның құрылысы 2021 жылы басталған. Инвестиция көлемі – 750 миллион теңге. Мекемеде атқарылған жұмыстар жайымен танысқан шаһар басшысы «Кәсіпорын ашуға ықылас білдірген кәсіпкерлердің барлығына өз тарапымыздан түрлі бағытта қолдау көрсетуге дайынбыз. Қаламызда зауыт, фабрикалардың көптеп салынуы қала экономикасына оң әсерін тигізумен бірге, азаматтарымыз тұрақты жұмыспен қамтылады. Ендігі кезекте жұмысшылардың еңбек шарттарында көрсетілген барлық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілуі керек» деді.