5 КАНАЛДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Күні бүгінде Шымкентте бас-аяғы 34 канал бар. Оның ішінде 27 канал ауыл шаруашылығы бағытында қолданылса, 7 канал ирригациялық мақсатта пайдаланылып жатыр. Осы орайда, қала әкімі Мұрат Әйтенов үшінші мегаполистегі каналдардың күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді. Қазіргі уақытта Еңбекші ауданында орналасқан «Көк», «Чумчак» каналдарында су өткізу қабілеттілігі мен сыйымдылығын арттыру мақсатында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы қалада ұзындығы 57 шақырымнан асатын 5 каналды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Оның екеуі өткен жылдан өтпелі болса, үшеуіне күрделі жөндеу жұмыстары осы жылы басталған. Каналдардың құрылысы аяқталғанда су өткізу қабілеттілігі ұлғайып, жаңадан 1700 гектар егіс алқабы игеріледі.
Шаһар басшысы құрылыс жұмыстарын бақылау барысында мердігер компания өкілдеріне жұмыстың сапасына баса мән беру керегін тапсырды. «Каналдар калаға ауыл шаруашылығы үшін су жеткізудің негізгі көзі болғандықтан, оларды күтіп ұстау мен тиімді пайдалану аса маңызды. Жөндеуден өткен каналдардың су өткізу қабілеті де жоғарылайды. Бұл өз кезегінде шаруалардың дәнді-дақылдар мен көгөніс және мал азықтық өнімдерін жетілдіруге мүмкіндігін арттырады. Сондықтан құрылыс барысында бетондаудың технологиялық талаптарын сақтап, жұмыстар өз мерзімінде аяқталуы тиіс» деді Мұрат Әйтенов.
Айта кету керек, 2027 жылға дейін қала аумағында 27 каналды қалпына келтіру жұмыстары атқарылып, тағы 5 мың гектар жерді игеру жоспарланып отыр.