САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ШАРА ӨТТІ

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Сондықтан жыл сайын аталған күні жер-жерде еске алуға арналған іс-шаралар өтеді. Биыл осындай шара Шымкент қаласындағы «Қасірет» мемориалында өтті. Қаралы жиында тағдырдың тәлкегіне ұшыраған боздақтарға құрмет көрсетіліп, бір минуттық үнсіздікпен басталды.

Үшінші мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов пен зиялы қауым өкілдері «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Бабалардың басына төнген ауыр зұлмат театрландырылған қойылымдар арқылы көрсетілді. Жиналған жұрт бабалар рухына құран бағыштады. Өткен күнге салауат айтты.
Аталған датаның тарихына келсек, 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған. Ал араға төрт жыл салып мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Зерттеушілердің дерегіне сүйенсек, 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңнан астамы атылған. Осы жылдар ішінде елімізде 953 лагерь болған. Оның ішінде ГУЛАГ-тың 20-дан астам лагері орналасқан. Бертін келе, тәуелсіздік жылдары аралығында 146,5 мың жазықсыз жапа шеккен отандасымыздың аты жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнама аясында 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азамат ақталды. Сондықтан атаулы күн ел тарихындағы маңызы зор.