КӨК ТУЫМЫЗҒА ҚАТЫСТЫ ЖАҒЫМСЫЗ ЖАЙТТАР АЗАЙМАЙ ТҰР
енді мемлекеттік рәмізді қорлағандарға жаза қатаңдауы мүмкін
Мемлекеттік ту – елдік пен егемендіктің символы. Талай қайраткердің қанымен, талай қазақтың жанымен келген қасиетті де қастерлі тәуелсіздігіміздің белгісі. Еншісін бөлектегеніне 30 жылдан асқан елімізде мемлекеттік рәміздерге деген құрмет жоғары. Десе де шетелдің есерсоқтарын айтпағанда, еліміздің еркесі атанып жүрген жастардың мұны біле тұра, айналып өтетінін көз көрді. Алысқа барудың қажеті жоқ, жақында ғана сахнаға сылқия тойып алып шыққан жас әншілердің қылығы елді есінен тандыра жаздады. Содан бері қоғамда қатаң жазалауды қолдайтын пікірлер көбейді. Жалпы мемлекеттік туды қорлағандарға жаза қандай? Алдағы уақытта не өзгереді? Саралайық…
Тудың айналасында туындаған мәселе бірінші рет болып отырған жоқ. 2017 жылы Қызылорда тұрғыны мемлекеттік туды терезесіне ілемін деп бас дауға қалған еді. Нақтырағы, осы әрекеті үшін 453 мың теңге айыппұл салынған. Артынша оқиға қоғамда дау тудырды. Көп мұның қорлау емес, керісінше мақтаныш екенін айтып жатты. Іс Жоғарғы сотқа дейін жетті. Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасы істі қарап, туды терезеге ілуден әкімшілік құқықбұзушылық белгілерін байқамаған. Осыған байланысты аталған іс бойынша өндіріс тоқтатылды. Бұл елімізде болған бірінші жағдай емес. 2015 жылы да елорда тұрғыны туды терезеге ілгені үшін ауқымды айыппұл төлеуі тиіс екенін жазған еді. Оған да заңгерлер араласып, заңсыз екенін жазып жатты. Десе де істің соңы сиырқұйымшақтанып, ұмытылғандай еді…
2020 жылы туға қатысты тағы бір дау бұрқ ете қалды. Бұл жолғы жайт әлем жұртшылығына қазақты мазақ еткен «Борат» фильмімен байланысты. Алғашқы бөлімі қыруар қаржы әкелген комедияның 2-бөлімі прокатқа шығар алдында Сиднейдегі танымал жағажайлардың бірінде Боратша киінген 40 шақты жалаңбұт ер адам флешмоб биледі. Міне, сонда қазақ қоғамы дүрлігіп, қарсылық танытты. Әлеуметтік желіде «Мен туымды мақтан етемін» флешмобы басталды. Ал билікке келсек, жауапты министрлік әуелгіде жақ ашпады. Артынша журналистердің жан-жақтан қарша боратқан сауалдарына сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова былай деп үн қатып еді «Екінші фильмнің шыққанын елемеу мүмкін емес. Жалпы, олар шығармашылық адам ретінде өз болымысын көрсете алады. Алайда ондай әрекет адамның ар-намысына, белгілі бір мемлекеттің атақ-абыройына нұқсан келтірмеуі тиіс. Фильмді Қазақстанда прокатқа шығару куәлігіне өтініш берілген кезде министрлік тиісті шара қолданып, қарсылық білдіре алады. Әзірге ешқандай ресми өтініш түскен жоқ. Сондықтан Мәдениет және спорт министрлігі шара қолданып жатқан жоқ. Қазақстан азаматы ретінде айтарым, ол фильм менің намысыма да тиеді». Осымен іс бітті. Артынша халықаралық деңгейде көтеріліп жатқан мәселе екені жазылмады. Айтылған жоқ. Осы оқиғадан кейін жауапты министрліктің қауқарсыздығын көргендей әсерде қалғанымыз да жасырын емес. Міне, осы кезде Мәжіліс мінберінен мемлекеттік туға қатысты сауалдар көтеріле бастады. Нақтырағы, халықтың үні ескерілді. Бірқатар депутаттар билікке туды кеңінен қолдану туралы ұсыныс білдірді. Себебі қолданыстағы заң бойынша туды пәтерлердің балконына, үй қабырғасына ілуге тыйым салынған еді. Міне, осындай қоғамдық пікірден кейін Үкіметтің 2007 жылда шығарған қаулысына өзгерістер еніп, туды балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізетін орындарда ілуге болатын болды. Осымен мәселе шешілгендей еді. Сөйтсек қателескен сыңайлымыз…
Ағымдағы жылдың 25 мамырында Алматыда өткен концертте «Ирина Кайратовна» тобы мен Shiza лақап атымен танымал Асхат Жолшиев сахнада тұрып, өрескел әрекет істеді. Ащы суға сылқия тойып алғаны аздай, Асхат Жолшиев мемлекеттік туды қорлады. Бейәдеп сөздер айтылған концерт әлеуметтік желіде өткір сыналды. Аталған салаға жауапты министрден бастап пікір білдіріп, ойын ортаға салды. ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Карин «Біз мемлекеттілігіміздің, тәуелсіздігіміздің символы саналатын мемлекеттік туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек. Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өйткені заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет деп санаймын» деп жазды. Осының өзі нақты позицияны айқындап тұрғандай. Өнер жұлдыздары да жапа-тармағай пікір білдіріп, жазасыз қалдырмау керегін айтып жатыр. Араша түсіп жатқандарды да көз көруде. Десе де қалың оқырманның көкейінде айыппұлмен құтылып кете берсе, мемлекеттік туды қалталыға қалай құрметтеткізбекпіз деген сауалдың кілкіп тұрғаны белгілі. Бұл жолы да халықтың үні жауапты министрлікке жетпей жатқандай сезілді. Осыншама дау тудырған мәселеге қатысты министрлік тарапынан жұрттың көкейіндегісін тап басатын ұсыныс та айтылған жоқ…
Есесіне, елдің министрліктен күткен жауабын мемлекет басшысы берді. «Жастардың отаншылдық рухын күшейту керек. Қазір әлеуметтік желіде мемлекеттік туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылып жатыр. Өкінішке қарай, қасиетті көк туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені көк туымыз — қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. «Туған жерге туыңды тік» деп халқымыз бекер айтпаған. Біз — Туын әрқашан биік ұстаған елміз. Осы ретте Қаныш Сәтбаевтың бір ойы өзекті болып отырған сияқты «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес». Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу — әр азаматтың перзенттік парызы.
Осыны өскелең ұрпақтың санасына сіңіретін ең әуелі — сіздер, яғни зиялы қауым» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Демек енді туды пайдалану тәртібі қайта қаралады. Бұдан былай, мемлекеттік туды мазақ еткендерге жаза күшеюі мүмкін. Әйтпегенде қастерлі де қасиетті рәмізді қорлайтындардың саны азаймайтын секілді. Қарапайым тұрғындарды былай қойғанда, киелі сахнаға шығып, аузына келгенін айтқан әншілер барда мұндай талаптың керегі заңды. Енді туды пайдалану тәртібі өзгеріп, заңнан аттайтындарға қандай шара көрілетіні алдағы уақытта белгілі болмақ. Көк туды көкке көтеру үшін спортшылар жылдап еңбек етеді, ал кейбір жандар сахна төрінде мазақ етуде. Бұл – көкейтесті мәселе. Нақты шешім алдағы уақытта белгілі болмақ. Күтуден басқа амал жоқ…