ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕГІ МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН
Медицина саласының қоғам өміріндегі маңызы жоғары. Қазіргі уақытта Шымкент қаласының коммуналдық меншігінде 36 медициналық ұйым бар. Оның ішінде 15-і – ауруханалық ұйым, 14 амбулаторлық-емханалық ұйым және 7 мекеме басқа бейінге бағытталған.
Үшінші мегаполистегі медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында материалдық-техникалық база жаңартылып, көрсетілетін қызмет түрлері кеңейе түспек. Толығырақ тоқталсақ, №1 қалалық клиникалық аурухана, №2, №3 қалалық ауруханаларында медициналық көмек түрі артып, көпсалалы аурухана болып қайта құрылады.
Бүгінде көпсалалы ауруханаға айналған медициналық мекеменің бірі – қалалық балалар клиникалық ауруханасы. Жаңғырту жұмыстарынан соң ауыр дертке шалдыққан балалардың өзге қалаға сабылмай осында ем алып, күрделі оталар жасауына мүмкіндік туады. Бұл бағыттағы жұмыстар іске асып, орындалып жатыр. Қазіргі уақытта балалар ауруханасында нейрохирургиялық, күйік, урологиялық, торакальды хирургия, нейрохирургиялық медициналық оңалту бөлімшелерінің қызметтері жолға қойылған. Нейрохирургиялық оталарды жандандыру мақсатында соңғы үлгідегі заманауи аппараттар орнатылғанын да айта кету керек.