ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ШТАТТЫҚ БІРЛІГІ СОҢҒЫ 2 ЖЫЛДА 2 ЕСЕГЕ ЖУЫҚ ҰЛҒАЙҒАН

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Аталған мереке қарсаңында Түркістанда алқалы жиын өтті. Мәжіліске табиғат жанашырлары мен осы салаға жауапты мекеме басшылары мен өкілдері қатысты. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев төрағалық етті.

Жиында «Caviar House & Prunier Group SA» және «Swiss Choice Holding SA» швейцариялық компанияларымен бірлесе атқарылатын бекіре және албырт балық түрлерін өсіру жөніндегі инвестициялық жобалар таныстырылды. Бұл жайында «Арал-Сырдария» облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Пазылбек Нәлібаев баяндама жасады. Ал Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев орман шаруашылығын дамыту бағыты бойынша есеп берді. Бұдан бөлек, мәжілісте облыс аумағында аңшылық шаруашылық алқаптарын бекітіп беру және аңшылық шаруашылығын дамыту жоспарларын әзірлеу, дүниежүзілік қуаңшылықтан сақтану мақсатында орман, дала өрттерінің алдын алу мен болдырмау шаралары да талқыланды.
Қазіргі уақытта Түркістан облысы әкімдігіне қарасты 7 орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі жемісті жұмыс істеп жатыр. Онда 3 миллион гектардан асатын мемлекеттік орман қоры жері бекітілген. Жоғарыда аты аталған мекеменің негізгі міндеті — мемлекеттік орман қоры жерлеріндегі өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің өсімін молайту, қорғау және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету. Бүгінде республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында мемлекеттік орман қоры алқаптарына 2 млрд түп ағаш көшеттерін отырғызу белгіленген. Бұл туралы мемлекет басшысы Жолдауда да тілге тиек еткен еді. Бастаманы жүзеге асыру үшін әкімдік кешенді жұмыс жоспарын бекітіп, алдағы 5 жылда 132 мың гектар жерге 217 миллион, оның ішінде басқармаға қарасты мекемелермен 110 мың гектар жерге 170 миллион түп орман дақылдарын егуді қолға алып, атқарып жатыр.
2021 жылы орман қорының 15 120 гектар аумағына 23 мың данаға жуық әртүрлі ағаш көшеттері отырғызылған. Биыл 16 мың гектар аумаққа 23 миллионнан аса көшет егу жұмыстары жүргізілуде. Мекемелердің тұқымбақтарымен 30-35 миллион түп көшет өндіру бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ облыс әкімінің бастамасымен Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында 2019-2022 жылдар аралығында қала маңынан 7700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, бүгінгі таңда барлығы 13629 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда.
Айта кету керек, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңір басшысының тікелей қолдауымен орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасы мен штаттық бірліктері соңғы 2 жылда 2 есеге жуық ұлғайған. Орман шаруашылығы мекемелерінде жұмыс істеушілер саны 2018 жылы 707 бірлік болса, 2021 жылы 1332 бірлікке жетіп, өсім 88,4 пайызды құрады. Техникалар саны 2018 жылы 306 дана болса, қазіргі күнде 443 данаға жетіп, 44,8 пайызға өсті. 2021 жылы Созақ орман шаруашылығы мекемесіне 2 қабатты әкімшілік ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Мемлекеттік орман қоры аумақтарында орман күзеті қызметкерлерімен сұғанақтыққа қарсы күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Атқарылған жұмыстар да көп. Мәселен, Түркістан қаласы мен облыстың экологиялық ахуалын тұрақтандыру, «Жетікөл» көлдер жүйесінде суды тиімді пайдалану мен тұрғындардың демалыс аумағына айналдыру мақсатында 43 шақырымнан аса бөгет салынды. Қазіргі уақытта «Жетікөл» көлдер жүйесінде 300 миллион текше метр су қоры жинақталса, келешекте 500 миллион текше метр су жинау жоспарлануда. Аумақтағы флора мен фауна тұрақты қорғауға алынып, жұмыстар жалғасып жатыр.
Облыс аумағында балық шаруашылығын дамытуға жарамды су айдындарына түгендеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар балық шаруашылығын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспары бекітілген. Мәжілісте орман шаруашылығы саласының ардагерлері мен мекеме басшыларының облыстың экологиясын одан әрі жақсарту мақсатындағы ұсыныстары тыңдалып, бірқатар орман шаруашылығы саласының ардагерлері марапатталды.