РЕФЕРЕНДУМ БИЛІК ҮШІН ЕМЕС, АЛДЫМЕН ХАЛЫҚ ҮШІН КЕРЕК

Қоғамда «Жаңа Қазақстан» дейтін ұран күн тәртібінен түспей тұр. Биліктен нақты қадамдар күткен халық референдум билік үшін емес, алдымен халық үшін керек екенін түсініп жатқандай. Референдумға барғанда ақпаратты біліп бару өте маңызды. Себебі Конституцияның 30-дан астам бабына толықтырулар енгізілмек, бірақ ертең оған дауыс берерде, осы өзгерістерді қолдайсың ба, жоқ па деген сауал туындамас үшін өзгерістермен толыққанды танысып алғаны жөн.

 

Бұл тұрғыда мемлекеттік институттардың, БАҚ-тың, әлеуметтік желілердің аталған саяси науқанды халыққа түсіндіруі, тұрғындарды сендіруі өте маңызды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын», деген болатын.
Алда болатын референдумның ең негізгі ой-түйінін осы сөзбен айтуға болады. Президент халыққа барынша еркіндік беруді мақсат етіп отыр. Халық өз тағдырын өзі шешетіндей болуы үшін, мемлекеттің ісін барлық өлшем бойынша халықтың өзі айқындайтын жағдай жасауы үшін референдум өткізгелі отыр.
Алғашқы референдум 1995 жылы өтті. Одан бері 27 жыл бойы референдум өткізілген емес. Осы жылдардың ішінде референдум шақыратындай да жағдайлар болды. Төрт рет конституция өзгерді. Бірақ барлығы Парламент арқылы шешіліп келген еді. Бүгінгі референдум қажеттіліктен туып отыр. Өйткені Конституцияның 33 бабына яғни үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізілмекші. Әсіресе, жер, оның қойнауы, оның қазыналары – халықтың меншігі деген концептуалды тың тұжырым жасалып отыр. Бастысы «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен мықты Парламентке сүйенетін президенттік басқару үлгісі енгізілгелі отыр. Президент өз қолындағы өкілеттіктерінің біраз бөлігін Парламентке беріп, оның өкілеттігін кеңейткелі отыр.
Осы уақытқа дейін жергілікті мәслихат әкімдердің ығына жығылып келген. Енді аудандық, облыстық және қалалық деңгейде сайланатын депутаттардың орнына қоғамдық-саяси мәселелерде өзінің айтары бар азаматтардың сайлануына мүмкіндік туады.
Референдумға қатысып, ой-пікірлеріңізді ашық айту, қоғамға үн қосу еліміздің жарқын болашағына, жаңа өміріне қадам жасайтын маңызды күн екенін естен шығармаңыздар. Бәріміз жұмылған жұдырықтай біріге білсек қана өзіміз қалағандай Жаңа Қазақстанды құра аламыз.
Президент Қ.Тоқаев айтқандай, Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Бұл дегеніміз – тарихи сәт. Өзгерістердің ең негізгілеріне «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен алшақтауды айтуға болады. Ата Заңға сәйкес ол барлық азамат үшін тең мүмкіндіктердің кепілі болуға тиіс. Сондықтан да конституциялық реформаға сәйкес енді республика президентінің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызмет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды.
Алдағы конституциялық референдум тек бір қала немесе облыс тағдырына байланысты емес, ол тұтас мемлекеттің болашағына әсер ететін, бұдан да жарқын келешектің іргетасын қалайтын аса маңызды күн деп ойлаймын. Өйткені қоғам арасында күрмеуі шешілмей жатқан күрделі мәселелер көбейіп кетті. Сол себепті президент сөзден гөрі іске баса назар аударып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға қоя отырып, осындай маңызды шешім қабылдап отырғаны анық. Бұл осы елдің азаматы ретінде бізді де қатты қуантты. Бүгінгі таңда еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр. Сондықтан 5 маусым күні әр қазақстандық өзінің жеке азаматтық борышын орындауға тиіс. Себебі еліміздің болашағының дамуы тікелей осы референдумға байланысты болып отыр. Сол себепті ел үшін жаны ашитын әр азамат осы референдумға қатысуы керек деп ойлаймын.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы президент болып сайланғанда өзінің бағдарламасының негізгі өзегі етіп үш мәселені көтерді. Бірінші – халықтың әл-ауқатын көтеру, екінші – әділет, үшінші – даму. Қазіргі болып жатқан реформалардың бәрі де президентіміздің сайлауалды бағдарламаларының логикалық жалғасы деп қарастыруымыз керек.

Бекжан АЙТҚҰЛОВ,
AMANAT партиясы жанынан құрылған Түркістан облыстық штаб мүшесі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

Автордың тапсырыс беруімен жарияланды.