РУШЫЛДЫҚ — ЕСКІ ЖҮЙЕНІҢ БЕЛГІСІ

Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жылдан астам уақыт болды. Осы жылдар аралығында қаншама оқиғалар мен ақпараттарға куә болып келеміз. Соның ішінде кітаптарда көрініс бермейтін трайбализм қоғамда көптеген кедергілер мен теріс пікірді қалыптастырғанын білеміз. Қазақ руға бөлінбеуі керек, рудан құралуы тиіс деген ұранды бұрмалап алған азаматтар басқаша әрекет еткенінен де хабардармыз.

Негізінен алғанда трайбализм, рушылдық – қоғамдық жікке бөлінушілікті тудыратын этнос ішіндегі ру-тайпалар мен жеке адамдар бойындағы тайпалық, рулық сезім, құбылыс дегенді білдіреді. Сондықтан мұндай ұғымды саясиландырып, қазақ қоғамының ішінде жіктерге бөлу, патша өкіметі мен әкімшіл-әміршіл жүйенің табысты әрі сәтті саясатының біріне айналды. Бұл әлі күнге дейін саяси сахналарда белең алып қалатын жағдай екені белгілі. Мұндайдан арылу үшін меритократия ұғымы енгізілді. Яғни таныс-тамырлықты жойып, қызметтегі сатылы өсу қағидаты жақсы кадрлар мен тәжірибесі мол мамандардың ел басқару ісіне араласуына тиімді жолды қалыптастырып мүмкіндіктер берді. Ал қазіргі уақытта жаңа Қазақстан мен екінші республиканы қалыптастыруда таныс-тамырлық пен рушылдық жойылатын кез деп түсінуіміз керек. Әр азаматтың іскерлігі мен ел мүддесі жолындағы қызметі жоғары бағаланып, бірінші кезекте тұруы тиіс. Сондықтан «тоқсан сөздің – түйіні бір» дегендей, рушылдық саясаты ұлтымыздың демографиялық саясатындағы қан тазалығын меңзейтінін, ал саясатта жат құбылыс деп түсінетін уақыт келді. Жаңа Қазақстан жаңа түсініктер мен көзқарастардан құралады. Бірінші кезекте әркім өзгерісті өзінен бастауы тиіс! Сонда ғана Мәңгілік елдің тұғыры – мәнді болмақ!

Талғат Балтабаев,
Шымкент қаласы мәслихатының
депутаты, AMANAT партиясы
фракциясының мүшесі.