КӨПҰЛТТЫ ӨҢІРДЕ «АҚҚУ, ШОРТАН, ШАЯН» БОЛУ ОРҒА ЖЫҒАДЫ
Ұлтаралық мәселе. Ұлтаралық жанжал. Мұндай олқылықтар әдетте тұрмыстағы даудан туындайды. Бұған дейін де өңірдегі Сарыағаш, дәл осы Төлеби, көршілес Жамбыл облысында, Қордайда туындаған мәселелерде ол анық байқалды. Ашу, ыза, сөзге келіспеушілік – бірден қызбалыққа салынудың соңы кикілжің тудырған-ды. Өкінішке қарай, содан сабақ алудың орнына, «ыңғайлы сәтті» пайдаланып, алауыздық тудыратын арандатушылар табыла кетеді.
Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Ханарық елдімекенінде тұратын 20 шақты өзбек ұлтының тұрғындары ауылдағы жайылымға жиналып, мал жайылымының жайын талқылаған.
Оның барысында айтылған сөздерін бейнежазбаға түсіргендер оны таратып жіберген. Мәселен, Сабденов Нұрғалидің фейсбук парақшасында «Көршілес ауылдың малдарын өз ауылымыздың маңына кіргізбейміз» деп ойласып тұрған видеоны жариялаған. Видеоға байланысты әртүрлі азаматтар өз пікірлерін білдірген. Атап айтқанда, «Өзбек кездессе аямаймын», «Осы екен ғой кешірім сұрап тұрған», «Балақтағы бит басқа шықты» деген пікір білдерген.
Қазақ ұлтының өкілдеріне қатысты жағымсыз сөздер айтқан М.Э. есімді ер кісі «Whatsapp» мессенджері бойынша бейнежазбаны таратқан Қ.Э. есімді ер кісі қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Жағымсыз сөздер айтқан М.Э. деген ер кісі қазақ елінен кешірім сұраған видеоны көпшілік көріп, естіп те үлгерді. Ол әлеуметтік желіде таратылуда. Осы ретте барлық әлеуметтік желілерге мониторинг жұмыстары жүргізіліп, бақылауға алынған.
Аталған мәселе бойынша облыс әкімінің тапсырмасына орай, арнайы жедел әрекет ету штабы құрылды. Этносаралық қақтығыстардың алдын алу мақсатында Төлеби ауданы, Ханарық елді мекенінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облыстық департаментінің бірінші орынбасары Е.Қойшыманов, облыс прокурорының орынбасары С.Келдібеков, облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, аудандағы беделді ардагерлермен ауыл билерінің қатысуымен ауыл тұрғындарымен жиналыс өткізіліп, сұхбаттар жүргізілуде. Елдімекенге кезекшілік ұйымдастырылды.
Мейлінше ұлтаралық мәселеден алыстатып, оған басқаша сипат беруге тырысады деп осындай жағдайда билікті айыптайтындар табылады. «Ауруын жасырған өледі» деп пайымдайды. Проблеманы нақты анықтамай, оған баға бермей, оның шешімін басқа жақтан, өзгеден іздейтініміз әдетке айналды.
Бұл – билікке ғана емес, азаматтарға да қатысты нәрсе. Себебі мұндай жанжалдың болуына мүмкіндік беретін, тіпті одан үлкен ауқымда қайталануына итермелейтін фактор – сол қақтығыстың қоғам санасында сыңар жақты түсінікке ие болуы. Мысалы, мұндай жағдайларда «иә, дұрыс, қазақтар өз жерінде», «басқа ұлттар орнын білуі керек», «орнына қою керек» деген тәрізді пікір басым болады.
Осы ретте әлеуметтанушылардың зертееулері мен түсініктемесіне терең үңілу керек деп ойлаймын. Қоғамда қалыптасқан идея жиынтығы бар. Бұл идея жиынтығын этностық ұлтшылдық деуге де, ксенофобия деуге де болады. Бірақ оның тамыры – ұлтқа байланысты «біз» және «олар» болып бөліну және «біздің статус оларға қарағанда жоғары тұруы керек» деген түсінік. Бұл нәрсені шешетін ең алдымен – қоғамның интеллектуал өкілдері. Қоғамдық пікір көшбасшылары осы мәселені айтып, қақтығыстарға баға беріп, талқылауымыз керек.
Көп ұлтқа пана болған Қазақ елінің тұтастығын сақтап қалу мемлекеттің 19 миллион тұрғынының әрбіріне, әсіресе, оңы мен солын таныған жасқа да, үлкенде де сын. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ғұрпымыздан айырылмайық. Дәл қазір елдігімізге өз арамыздағы арандатушылық әрекеттердің кері әсерін тигізуі тіпті қажетсіз. Бұл ретте түрлі пайым мен көзқарасын тұспалдап білдіріп, әр кездегі деректерді қазбалау да артық. Іштегі және сырттағы ықпалға мұқият болып, арандатудың құрбаны болу лезде.
Нәзік те сезімтал тұсты шытынатпаған абзалырақ. Мемлекет басшысы халыққа сенім артып отырған қазіргі кезеңде әр шешім, әр қадам нық болса ғана ұтамыз. Күшіміз тек бірлікте!
Аңсар ӨСЕРБАЕВ,
Түркістан облыстық қоғамдық
даму басқармасының
басшысы.