ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА САЯБАҚ САЛЫНДЫ

Соңғы уақытта Түркістан қаласында жасыл аймақтардың көлемін ұлғайтуға баса назар аударылып келеді. Бірнеше саябақ ашылды. Қала маңын жасыл алқапқа айналдыру бағытында да ауқымды шаралар қолға алынуда. Жақында облыс орталығы тағы бір саябақпен толықты. Нақтырағы, «Денсаулық» саябағы салынды.

Саялы демалыс аймағының аумағы 6240 шаршы метрді құрайды. Саябаққа 540 дана ағаш егілген. 3150 шаршы метр жерге аяқжол төселгенін де тілге тиек ете кету керек. 100 дана бастырма орналастырылып, балалар ойын алаңшасы мен стрит воркаут жасақталған. Одан бөлек, саябақ ішінде ана мен бала мүсіні және 136 дана кіші сәулеттік форма да бар. Саябақ автотұрақпен де қамтамасыз етілген.
Қала әкімдігі тарапынан саябақтар, скверлер, гүлзарлар, көшелер мен жасыл аймақтар аумағын тазалау, жасыл желектерді егу және оны күтіп ұстау, шағын сәулеттік пішіндер мен ескерткіштерді, субұрқақтарды, суғару жүйелерін салу және қадағалау жұмыстары жүргізіліп келеді. Көгалдандыру жұмыстарына 700-ден астам адам тартылған. Алдағы уақытта да облыс орталығын көгалдандыру мен жасыл аймақтың аумағын кеңейту бағытында атқарылатын жұмыстар жандана түспек.