КЕНТАУДА КӨШЕ ТАЗАЛАУДАН САЙЫС ӨТТІ

Соңғы уақытта қоршаған ортаны күтіп ұстауға қатысты түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Табиғатты қорғауды көздейтін сондай шаралардың бірі Қаратаудың тәжі атанған қала – Кентауда өтті. Нақтырағы, аталған қалада әкімдіктің қолдауымен, «Көзқарас» ұйымының белсенді жастарының ұйымдастыруымен «Plogging» іс-шарасы өткізілді.

 

Шараға қала әкімі Рашид Аюпов пен қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев қатысып, белсенді тұрғындарға сәттілік тіледі. Жоғарыда аты аталған іс-шараға барлығы 10 команда қатысты. Әр топ бес адамнан жасақталған. Олар арнайы бөлімдер белгілеп берген көшелерді жылдамдықпен толық тазалап шықты. Шарт бойынша командалар белгіленген уақытта өздеріне тапсырылған көшені тазалап, қоқыстарды арнайы қаптармен қаптайды.
Мұндай игілігі мол сайыс қала орталығындағы басты көшелерде өткізілді. Яғни тазалыққа қатысты шағым жиі түсетін аймақтар таңдалды. Сайыс қатысушылары қоқысты жылдам жинап қана қоймай, қала тұрғындарына тазалықты сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын да жүргізді. Сайыста оза шауып, жеңімпаз атанғандар қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар «Plogging» шарасына демеуші болған қалалық мәслихат депутаты Махсут Гайруллаев тарапынан әзірлеген бағалы сыйлықтар табысталды.
Шараның мақсаты – тұрғындарға қаланың тазалығына бейжай қарамауды насихаттау, әр азаматты өз ауласы мен көшесін таза ұстауға бейімдеу. Кентауда мұндай бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.