«АРНОЛЬДО КИАРИ» СИНДРОМЫНА ШАЛДЫҚҚАН НАУҚАСҚА ЖАСАЛҒАН ОТА СӘТТІ ШЫҚТЫ
Соңғы уақытта әлемде орын алған оқиғалар медицина саласының маңызды екенін аңғартты. Сондықтан алды әлем алпауыттарынан бастап аталған салаға айрықша назар аударып, қыруар қаржы бөліп келеді. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің медицина саласы жоғары қарқынмен дамыды. Бұрындары ауыр отаны жасату үшін азаматтар шетел асса, қазірде елімізде де жасалып жатыр. Сөз жоқ, соңғы кездері Шымкент қаласында да ауыр оталар сәтті өтуде.
Мәселен, қалалық клиникалық балалар аурухасында алғаш рет Арнольдо Киари синдромына шалдыққан науқасқа ота жасалды. Сирек кездесетін аталған дерттің жалғыз емі – ота. 15 жастағы науқасқа жасалған күрделі операция сәтті аяқталды. Айта кету керек, ақ халаттылар науқасқа диагностикалық тексеру жүргізіп, диагнозын дер кезінде анықтаған. Жасөспірімнің өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер күрделі отаға жүгінуге шешім қабылдайды. Жоспарлы операция сегіз сағатқа созылып, хирургтар науқастың миындағы ауытқуды хирургиялық жолмен емдеді. Нәтижесінде науқастың ақыл есінің жұмыс істеу қабілетін жақсартып берді.
Мұндай ота түрі қалада алғаш рет жасалып отыр. Бұған дейін аталған дертке шалдыққан науқастар Нұр-Сұлтан қаласындағы емдеу орталығына жіберіліп отырған. Енді балалардың мұндай күрделі отасын қалалық клиникалық балалар ауруханасында да жасайды. «Операция барысында науқастың басының арт жағынан шүйде аймағының шөуде сүйегі дөңгелетіп кесіп алынды. Бірінші мойын омыртқасы алынады. Мидың өзінің қатты қабаты бар. Біздің мақсатымыз – мишықты бос жатқызу. Мишықты босату арқылы синдромды емдейміз. Арнольдо Киари синдромның асқынуы науқасты шизофренияға, тіптен мүгедектікке әкелуі мүмкін. Дерттің жалғыз емі уақтылы жасалған операция ғана екені бүгінге дейін ғылыми түрде дәлелденген» дейді Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігер-нейрохирургы Самат Көкшібаев.
Айта кету керек, күрделі отадан шыққан науқастың жағдайы жақсы. Қазіргі уақытта жасөспірім жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған.