БИЫЛ КӘРІЗБЕН ҚАМТЫЛҒАН ЕЛДІМЕКЕНДЕР САНЫ 25-КЕ ЖЕТЕДІ
Тұрғындар жиі көтеретін мәселенің бірі – кәріз жүйесі. Құрылысына қыруар қаржы кететін инженерлік инфрақұрылым бойынша Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Қала берді, қала жан-жақты кеңейіп барады. Сондықтан бұл мәселе күн тәртібіндегі өзекті түйткілге айналып отыр. Мәселен, үшінші мегаполисте 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген.
Әйткенмен көрсеткіш өзгеріссіз қалады дегенді білдірмейді. Ағымдағы жылы кәріз жүйесіне қосылған елдімекендер саны 6-ға артады. Нәтижесінде Шымкенттің кәрізбен қамтылу көрсеткіші 54 пайыздан 60 пайызға жетпек. Аталған межеге жету үшін бүгінде 16 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Атап айтсақ, 2 магистралды кәріз коллекторы, 1 кәріз сорғы станциясы және 13 елдімекенде ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда.
Биыл жыл соңына дейін Арғынбеков, Тұран магистралды кәріз коллекторларының және Достық кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік-Шығыс, Хлопзавод, Жұлдыз тұрғын алабтарындағы ішкі орамдық кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталып, осы 6 елді мекен орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады.