ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІККЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ
Қоғамдық көліктің бүгінгі жай-күйі көп үшін қашан да қызық. Күнделікті тіршілігі қоғамдық автобуспен жүруден басталатын тұрғындар оның сапасына, көліктің жай-күйіне жіті мән беріп, назар аударады. Қала берді, Шымкент қаласы да кеңейіп барады. Жаңадан бой көтерген ықшамаудандар бар. Олар да қоғамдық көлік мәселесін бір емес бірнеше рет көтеріп, жауапты сала басшыларына шағымын айтып жатады. Жасыратыны жоқ, үшінші мегаполисте көлік инфрақұрылымын дамыту, жолаушыларды тасымалдау қызметі сапасын арттыру бағытында жүйелі іс-шаралар жүргізілуде.
Атап айтқанда, қоғамдық көлік бағыттары кезең-кезеңімен жаңаруда. Жол жөндеу жұмыстары да қарқын алған. Жуырда аталған бағыттағы жұмыстар жайын бақылау мен ақпарат беру мақсатында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Онда қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов БАҚ өкілдерімен бірлесе қоғамдық көліктердің аралық интервалын, қызмет көрсету сапасын бірлесе бақылады.
Бүгінде қоғамдық көлік компанияларына нақты талап қойылып отыр. Жүктелген міндеттің үдесінен шықпаса, қызмет көрсету сапасы сын көтермесе, көлік компанияларымен арадағы келісімшарт бұзылады. Сонымен қатар жаңадан 26 бағыт жаңа автобустармен толыққанын да тілге тиек ете кету керек. Тасымалдаушы компания өз есебінен кең сыйымдылықты 10 автобусты желіге шығарып отыр. Жаңа бағыт Барыс базары мен Фосфор ауруханасы аралығында қызмет көрсетеді.
Естеріңізде болса, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің Абай ауданының Қазығұрт, Құрсай және Агроферма шағынауданының тұрғындарымен кездесуінде 34 бағыттың аралық интервалы мен автобустардың ескілігіне қатысты шағымдар айтылған еді. Осыған орай, 1 мамырдан бастап сол бағытта тасымалдаушы көлік компаниясы 12 автобуспен жолаушыларды тасымалдауда. Қозғалыс сызбасы Қазығұрт шағынауданы мен Клара Цеткин көшесі аралығында ұйымдастырылған. Қорыта келгенде, қала тұрғындарының сын-ескертпесі ескеріліп, тиісті жұмыстар дер кезінде қолға алынып келеді.