ТҰРҒЫН ҮЙДІ ЖАЛДАУ АҚЫСЫН СУБСИДИЯЛАУ. НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде ағымдағы жылдың 18 сәуірінен бастап азаматтардың тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау бойынша өтінімдер қабылдау басталған болатын. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында үйді жалдау ақысын субсидиялау бойынша баспана кезегіндегі 493 азаматтың өтінімі мақұлданған.
Аталған бағдарламаға кезекте тұрған 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар қатыса алады. Талаптарына келсек, баспана ақысын субсидиялау үшін үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Оның көлемі 36 018 теңгені құрайды.
Өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн түрде қабылдануда. Сонымен қатар субсидия алуға үміткердің «Отбасы банкте» депозиттік шоты болуы тиіс. Бағдарлама турасындағы қосымша ақпаратты Шымкент қаласы, Бейбітшілік көшесіндегі №3 үйде орналасқан AMANAT партиясының қалалық филиалындағы «Отбасы банк» қызметкерлерінен алуға болады.