ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА ЕНГЕН ЖАНУАРЛАР МЕН ӨСІМДІКТЕРГЕ ЗАЛАЛ КЕЛТІРГЕНДЕР АУҚЫМДЫ АЙЫППҰЛ АРҚАЛАЙДЫ

Соңғы жылдары жер бетіндегі жануарлардың кейбір түрлерінің жойылып кету қаупі күшейіп келеді. Жаһандық жылыну, орман қорының азаюы, броконьерлік және өзге де іс-әрекеттердің жан-жануарлар әлеміне ауқымды зарар әкеліп жатқаны жасырын емес. Десе де заңнан аттап, зиян әрекеттерге жол берген азаматтардың жазаланатыны тағы бар. Бақылау да, жаза да қатаң. Қала берді, өсімдіктер мен жануарлар әлемін сақтау үшін құрылған қорықтар мен табиғи парктер жұмыс істеп жатыр. Демалушыларға есігі айқара ашық табиғи парктердің де өз талабы барын ұмытпаған.

 

Қазіргі таңда «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында демалушылар мен туристерге қызмет көрсету мақсатында 7 бақылау өткізу бекеті орнатылған. Парк аумағындағы өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар түрлерін қолға түсіріп иемдену, залал келтіру факті тіркелсе, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оған қоса, 3 000 АЕК немесе 9 189 000 теңге айыппұл салынады. Бұл туралы «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ғылыми қызметкері Ғани Назарбек мәлімдеді.
«Парк аумағына рұқсатсыз кірген жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 380-бабы бойынша 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Айта кетерлігі, орман өртінің алдын алу мақсатында ауыл әкімшіліктерімен, жергілікті тұрғындармен және ауыл орта мектептерімен құрылған 63 ерікті өрт сөндіру командаларына 566 азамат жасақталды. Қазіргі таңда өртке қарсы техникалық құралдар толықтырылып, жедел шақыртуларға сақадай сай» деді туризм, рекреация және экологиялық ағарту бөлімінің меңгерушісі Қайрат Кәрібаев. Табиғи парк мамандары биылғы жылы «Парктер шеруі-2022» табиғат қорғау акциясын өткізбек. Акция аясында «Су айдындарын тазарту» сенбілігі және Халықаралық құстар күні аясында «Құстарды қорғау күні» акциясын өткізу жоспарлануда.
Оқырман қауымға табиғат аясында демалудың да өз талабы барын ескертеміз. Заң талаптарын білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау мен зиян келтірмеуге барынша назар аударған жөн.