ДЕМАЛЫС АЙМАҚТАРЫНДАҒЫ БАСТЫ ТАЛАПТЫҢ БІРІ – ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУ
Түркістан облысында 2021-2022 жылдары жалпы көлемі 67,2 га құрайтын 6 орман өртінің оқиғасы тіркелген. Десе де баршасы ауыздықталған. Ал ағымдағы жылы орман өрті тілкелген жоқ. Бұдан бөлек, тұрғын үйлерде 196 өрт орын алған. Тілсіз жау салдарынан 8 адам қайтыс болып, 7 адам жарақаттанған. Бұл туралы Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары Бақытжан Запаров бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен брифингте мәлімдеді.
«Облыс тұрғындары табиғат аясында, яғни орманды алқапта демалыс кезінде, сіріңке мен темекі қалдығын сөндірусіз қалдырмауы керек. Шыны ыдыстарды құрғақ шөптің үстіне, күн сәулесіне қалдыруға, рұқсат етілмеген жерлерде от жағуға тыйым салынады. Әрбір азамат өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау керек» деді Бақытжан Жақсылықұлы.
Бұдан бөлек, маусым барысында облыс аумағында газдан уланудың 3 дерегі тіркелген. Салдарынан 11 адам зардап шегіп, оның 8-і қайтыс болған. Газдан улану жағдайларының басым бөлігі тұрғын үйлерде жылыту қазандығының түтін мұржасын бекіту, жылыту пештерінің ақауы, пеш мұржасы мен қабырға жарықтары яғни, газды үнемдеу мақсатында мұржаны жартылай бекіткеннен орын алуда.