БАЙҚОҢЫРДАН ҰШҚАН ЗЫМЫРАН АУА РАЙЫНА ӘСЕР ЕТЕ МЕ?

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде биылғы жауын-шашынның жиі жаууына қатысты пікірлер жиіледі. Біраз азаматтар мұны Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшатын зымырандармен байланыстырып жатыр. Жалпы ғарыш кемесін ұшыру климатқа әсер ете ме? Зерттеулер не дейді? Жуырда Халықаралық экология академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Жайлаубай Жұбатов аталған сұрақтарға жауап берді.

 

Ғалымның сөзіне сенсек, 2000 жылдың басында «Қазгидрамет» РМК мен «Росгидрамет» федералды қызметі бірлесе отырып, зымырандардың ауа райына әсері турасында кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде ұшырылған зымырандардың ауа райына қатысы жоғы анықталған. Тіпті, аталған тұжырым халықаралық деңгейде мойындалыпты-мыс. Ал Байқоңырға жақын орналасқан елдімекендердегі ауа райының құбылмалығын академик сәйкестік деп есептейді.
Жайлаубай Жұбатов күннің ультракүлкін сәулелерінен қорғайтын озон қабатындағы өзгерістер мен ауа райының бұзылуына ажырата білу керегін алға тартады. «Стратосферада зымырандардың кейбір бөлшектері түседі, бірақ мұның жердегі климатпен байланысы жоқ. Ғарышқа ұшырылатын зымырандар тек озон қабатына әсер етуі мүмкін. Алайда бүгінге дейін ғарыш сапарлары стратосфераға зиян келтірген жоқ. Неге десеңіз, ғарышқа көп ұшып жатқан жоқпыз. Егер ғарышқа зымырандар шектен тыс ұшатын болса, дабыл қағуға болады, бірақ бұл күнделікті қадағалауда болатын мәселе екенін білдіргім келеді. Сондықтан зымырандардың ұшуы атмосфераға қалай әсер ететінін әрдайым қосымша зерттеу керек» дейді ғалым. Сөз жоқ, ғылым нақты дәлелге сүйенеді. Десе де ауа райының құбылуының нақты себебі анықталмаса, ғалым айтқан сөздерге әлеуметтің сене қояры күмәнді. Анығын уақыт көрсетеді…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.