ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгінде жер қойнауын ретсіз және заңсыз пайдаланғандарға жаза қатаң. Бір ғана Түркістан облысында өткен жылы 40 кен орнына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 27 жер қойнауын пайдаланушыдан кемшілік анықталған. Зерттеу нәтижесі Экология департаментіне жолданып, Сайрам ауданы бойынша 4 жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкердің келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылған. Бұдан бөлек, облыс аумағындағы карьерлерді пайдалану кезінде су қорғау белдеуіне орналасқан және келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамағаны үшін 17 келісімшарт және 1 лицензияның күші мерзімінен бұрын тоқтатылған. Олар Сайрам, Сарыағаш, Ордабасы, Арыс, Сауран, Төлеби, Созақта және Бәйдібек аудандарында орналасқан. Сондай-ақ 5 келісімшарт уақытша тоқтатылып отыр.

Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында кеңінен талқыланды. Аймақ басшысы карьерлерді заңсыз пайдаланып, табиғатқа орасан зор шығын келтіріп жатқандарға қадағалауды күшейтіп, заң аясында тоқтау салу керегін айтты. 2000 жылдары карьерлерді ұзақ жыл пайдалануға алғандар бар. Бүгінде сол азаматтардың кейбір заңға қайшы әрекеттеріне тосқауыл қоюға кедергі келтіретіндер көп. Соған қарамастан облыс әкімі арнайы комиссия мен құқық қорғау органдарына ірі қалаларға іргелес жатқан өзендер мен аумақтардағы заңсыз құм, тас қазушылардың заңсыз әрекетін шұғыл тоқтатуды тапсырды.
«Заңсыз жер қойнауына қарсы күрес қолға алынған. Бірақ нәтиже нашар. Табиғатқа, экологияға қарсы әрекетті ең үлкен қылмыс деп есептеймін. Ақсу өзенінен халық тығыз орналасқан қалалар сумен қамтылып отыр. Ал оны қазып жатыр. Өзендерді қазуды тоқтату керек. Біз кәсіпкерлікке қарсы емеспіз, біз қоршаған ортаны бүлдіріп, экологияға зиянын тигізіп жатқандарға қарсымыз. Заңсыз карьер қолданушылар анықталған барлық аудан, қала әкімдері осы бағытта қадағалауды күшейтсін. Бүгін экологиялық апаттың алдын алмасақ, ертең кеш болады. Бұлақтар тартылып жатыр. Бұл – үлкен экологиялық мәселе. Мен арнайы комиссияның жұмысын күшейтіп, құқық қорғау органдарымен бірлесе тұрақты жұмыс атқаруды тапсырамын. Прокуратура, полиция және өзге де сала өкілдерімен бірлесіп, осы түйткілді шешу керек, заң аясында барлық іс-әрекетті жасаңыздар. Өзендер мен аумақтарға мониторинг күшейтілсін, заңға сай шара қолданылсын» деді Өмірзақ Шөкеев.
Айта кету керек, облыс әкімінің тапсырмасымен табиғатқа залал келтірушілермен күрес күшейген. Бақылау да ұдайы жүргізіліп келеді. Облыстық инвестиция және экспорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Шонбасовтың айтуынша, биыл 26 сәуірде Сайрам ауданындағы жолдарға облыстық көліктік бақылау инспекциясы тарапынан блокпост қойылды. Ол 24 сағат кезекшілік атқаруда. Одан бөлек, облыстық көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп таразы қойылмаған кен орындарына таразы орнату бойынша жұмыс атқарып жатыр. Жалпы жыл басынан бастап заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша 28 дерек тіркелген. 26 бірлік техника, жүк көліктері заңды шешім қабылданғанша айыптұрақтарға жабылған.
Түркістан облысы ПД бастығы, полиция генерал-майоры М.Қабденовтің сөзінше, жер қойнауына қатысты құқықбұзушылықтар негізінен Сайрам ауданындағы Ақсу өзені бойында, Ордабасы ауданындағы Бадам, Арыс өзендері бойында, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес аудандарындағы Келес өзені бойынан және Кентау қаласы, Сауран, Отырар аудандары аумағында жиі кездеседі. Бұл түйткілге полиция тарапынан да қадағалау күшейтілмек. Қорыта келсек, алдағы уақытта қоршаған ортаны ластап, жерді заңсыз пайдаланатындарға бақылау күшейеді.