МИНИСТР САЙРАМДАҒЫ СЕРІКТЕСТІКТІҢ ЖҰМЫСЫН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

Соңғы жылдары Түркістан облысында ауыл шаруашылығының дамуы қарқын алған. Мәселен, Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарасу ауылдық округінде қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен ауданға келіп, шаруалардың жұмысын бақылап, мәселелерін зерделеді. 

 

Кездесу барысында «Dala fruit.kz» ЖШС-нің басшысы Болатбек Нәжіметдинұлы тамшылатып суғару әдісімен қарқынды бау өсіру аясында іске асырылған жобаларымен таныстырды. Атап айтқанда, алманың сұрыптары, шырын дайындау әдістері көрсетілді. 302 гектарға жуық баудағы алма мен қара өрік ағаштарын өсіру барысы да көрсетілді.
Мұнда 2013-2016 жылдары 102 гектарға алма, 5 гектар жерге қара өрік көшеттері отырғызылған. Жоба «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған. Бақ заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Тамшылатып суғару әдісі қолданылады. Ашылған жұмыс орны — 77. 2020 жылы бақтан 4000 тонна алма, 100 тонна қара өрік өнімі жиналған.
Қазіргі таңда сыйымдылығы 15500 тонналық көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын қойма іске қосылған. Ал 2017 жылы сыйымдылығы 8200 тонналық, 2019 жылы сыйымдылығы 7300 тонналық қойма жұмысын бастаған болатын.
2018 жылы кәсіпорында тауарлы емес алманы қайта өңдейтін цех ашылған. Бұл 12 жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген. Жоба қуаттылығы – 11 мың тонна өнімді қайта өңдеп, 7,7 млн литр шарын шығару. Жобалардың жалпы құны – 6,17 млрд теңгені құрайды. Жоба бойынша мемлекеттік инвестициялық субсидиялар тұрақты беріліп жатыр. Серіктестіктің өнімдеріне сұраныс та жоғары. Табиғи және таза өнімдер Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарына сатылымға шығарылуда. Министр атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді.