ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАР ЕНДІ КӘДЕГЕ АСАДЫ

Әлемдің дамыған елдері бүгінде экология мәселесіне айрықша назар аударып, қыруар қаржы бөліп отыр. Бұрындары қоқыс жәшігінде жатып, артынша қоқыс полигондарына тасталатын бірқатар тұрмыстық қалдықтар енді кәдеге жарайды. Жасыратыны жоқ, еліміздің үлкен қалаларында қоқыс өңдейтін орындардың бары белгілі. Ал аудандарда мұндай мекемелер жоқтың қасы. Десе де осы олқылықтың орнын толтыруды көздейтін кәсіпкерлер де бар. Толығырақ тоқталайық.

Түркістан облысы, Созақ ауданының кәсіпкері Салия Әзімбаева экологияны тазартуды көздейтін тиімді жобаны қолға алды. Ашып айтсақ, ол қазіргі таңда Созақ ауылындағы және өңірдегі өндіріс орындарындағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, түріне қарай сұрыптап, тығыздау жұмыстарымен айналысуда.
Кәсіпкер жиналған тұрмыстық қалдықтарды Шымкент қаласына жібереді. Онда қоқыс өңделеді. Бүгінде кәсіпкердің қолында төрт азамат жұмыс істеп жатыр. Жоба ауқымы кеңейсе, жұмысшы санын 6 адамға жеткізуге мүмкіндігі тағы бар. Болашақта арнайы көлік техникасы мен пластмасса қалдықтарын ұсақтап турайтын аппарат алуды жоспарлап отыр.
Салия Рысханқызы 2020 жылы «Бастау Бизнес» жоба бойынша кәсіпкерлік курсын бітіріп, сертификатын алған. Биыл гранттық комиссияға жобасын ұсынып, аталған кәсібінің ауқымын кеңейтуге мемлекеттік қолдау алмақ.
Айта кету керек, Түркістан облысында мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін пайдаланып, кәсіп ашып жатқан тұрғындар көп. Соңғы уақытта облыстағы шағын және орта бизнестің дамуы да қарқын алған. Өзін де өзгені де жұмыспен қамтып отырған жандар кәсіп ашуға ниеті бар азаматтарға барша мүмкіндіктердің қарастырылып жатқанын жиі айтады. Сөз жоқ, мұның бір ұшы облыстық әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға келіп тіреледі.