ЦИФРЛАНДЫРУ САЛАСЫНДА АУҚЫМДЫ ІСТЕР ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ

Шымкент қаласы мәслихатының кезекті он төртінші сессиясы өтті. Онда қалалық цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы М.Туғанбай 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын баяндады. Басқарма 2022 жылы үшінші мегаполисте бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру мен оң нәтижелерге қол жеткізу мақсатын көздейтін нақты міндеттерді белгіледі.

Ашып айтсақ, қала аумағын мобильді интернет желісімен және сапалы байланыс арнасымен қамту үлесін 95 %-ға, шалғай елді мекендерді талшықты оптикалық желімен қамту үлесін 75 %-ға, қаладағы қоғамдық орындарды wi-fi желісімен қамту көрсеткішін 100 %-ға жеткізу, қала тұрғындарының цифрлық сауатын одан әрі арттыру көзделіп отыр. Бейнебақылау камераларының санын ұлғайту мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында жаңа жұмыс орындарын ашу бастамасы да жоспарға енген.
Нақты деректерді сөйлетер болсақ, бүгінде мобильді байланыс операторларымен интернет сапасы нашар 11 елді мекеннің координатасы келісіліп, сәулет қала құрылысы және жер қатынастары басқармасымен жер телімдерін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Одан кейін жеке инвесторларға аукцион арқылы ұсынылмақ. Жоспар толығымен жүзеге асса, 106 000-ға жуық қала тұрғыны сапалы мобильді интернетпен қамтылады. Сонымен қатар 15 елді мекенді талшықты оптика желісімен қамтамасыз ету де жоспарда бар. Бүгінгі таңда қажетті құрал-жабдықтар алынып жатыр. Тиісті жұмыстар атқарылса, 134 620 қала тұрғынына сапалы интернет қол жетімді болады.
Шалғайдағы елді мекендерде орналасқан мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жұмыстары да жүзеге аспақ. Қазірде Асар-2 шағын ауданынан жеке инвесторға жер телімін аукцион арқылы беру жұмыстары қарқын алған. Егер базалық станция орнатылса, мектептердегі сапалы интернет мәселесі шешімін табады.
Айта кету керек, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылдың қорытындысымен 24 779 қала тұрғыны цифрлық сауатын арттырған еді. Аталған бағыттағы жұмыстар да жалғасын таппақ. Жоспар бойынша 2022 жылы 13 мыңнан астам қала тұрғыны оқытылады. Оқу курстары қалалық қызметтер мен сервистердің орталықтандырылған i-shymkent.kz порталында қол жетімді. Оқу «Базалық дағдылар», «Е-коммерция», «Ашық үкімет» порталы, «Электронды үкімет және электрондық мемлекеттік қызметтер» вэб-порталдары, «Ақпараттық қауіпсіздік негіздері» сынды бірқатар бағыттардан тұрады. Оқу бағдарламасы тұрғындардың цифрлық сауатын арттыруды, цифрлық заманда электрондық қызметтерді үйден шықпай-ақ, өз бетінше алуға дағдылануды және алаяқтықтан сақ болуды үйретеді.
Бұдан бөлек, Шымкентте ІТ мамандық бойынша оқытатын 2 жоғары оқу орны мен 1 орта білім беру мекемесі бар. Оның ішінде, М.Әуезов атындағы ОҚУ және жоғары жаңа технологиялар колледжі жоғары біліктілігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ ағымдағы жылы ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласында жаңа 427 жұмыс орнын ашу көзделуде. Атап айтқанда, интернет желісін жүргізетін компаниялар, инновациялық өнеркәсіп және бейнебақылау камераларын орнататын компаниялар жаңа жұмыс орындарын ұсынады.