СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ МАҚТААРАЛДЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСТЫ
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары өңір-өңірге барып, халықпен кездесіп, мәселелерін тыңдап жүр. Мәселен, сенаторлар Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Депутаттар әуелі Мақтаарал ауданының индустриалды аймағында құрылысы жүріп жатқан «Zhannasyl» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақта өңдеу зауытына табан тіреді.
Мақтаарал ауданының әкімі Бейсенбай Төребеков индустриалды аймақта жүзеге асқан және жоспарланған жобалар жайында кеңінен таныстырып өтті. Сонымен қатар құрылысы жүріп жатқан аталған зауыт іске қосылғаннан соң мақта өңдеу зауыттарының арасындағы өзара бәсекелестіктің қалыптасуы мақта бағасының жоғарылауына әсер ететінін жеткізді.
Зауыт басшысы Нұрлан Сәрсенбаев жалпы құны 2,5 миллиард теңге тұратын ауқымды жоба іске асқан жағдайда 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға болатынын айтты. 8 гектар аумақты алып жатқан нысан жылына 65 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары жылдың ортасына дейін аяқталып, мақта терім маусымы қарсаңында толық іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Мақта өңдеу зауытының ішін аралап, құрылыс жұмыстарымен толық танысқан сенатор Әли Бектаев Алматы қаласынан келіп өзінің туған жеріне ірі көлемде инвестиция құю арқылы халықты жұмыспен қамтуға атсалысып жатқан Нұрлан Сәрсенбаев сияқты патриот кәсіпкерлерге жергілікті әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілуі керектігін айтып, өзінің шынайы алғысын білдірді.
Халық қалаулылары зауыт жұмысымен танысқаннан кейін өңірдің шаруаларымен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Диқандар жанар жағармай мен ағын судың құнын төмендету, тыңайтқыштарды ерте жеткізу және тік дренажды ұңғымалардың мәселесін көтерді. Оның ішінде аудандық мәслихаттың депутаты Сүндет Кенжебаев Жаңажол және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтеріне қарасты «ПУИД-2» жобасына енбей қалған 57 дана тік дренажды ұңғымаларды қайта жөндеу үшін жасалған жобалық-сметалық құжаттаманы сенат депутаттарына ұсынып, қолдау сұрады. Сенат депутаттары «Хамро ата» шаруа қожалығының жылыжайына барды. 7 гектарды алып жатқан жылыжайда лимон, қызанақ, қияр, болгар бұрышы, баялды сияқты 12 түрлі көкөніс өсірілуде. Өз кезегінде, сенаторлар осындай шаруа қожалықтары әрбір елді мекенде құрылса, екі қолға бір күрек таппай жүрген талай жанды жұмыспен қамтуға сеп болатынын айтты.