ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ ТҮЗЕЛІП КЕЛЕДІ
Бүгінде жел эрозиясы мен экологиялық мәселелер күн тәртібінен түспейтін өзекті түйткілдерге айналған. Жыл сайын мыңдаған гектар жасыл алқаптың шөлге айналып жатқаны адамзат баласына ауқымды мәселелерді жүктеп отыр. Қырқылған орманның салдарынан ауаға тарайтын улы газдармен күресу де қиынға соғып отыр. Десе де аталған жайттардың алдын алу бойынша елімізде қолға алынып жатқан шараларды жоққа шығара алмаймыз. Бұған бір ғана Түркістан өңірінде қолға алыған бастамалар жайы дәлел бола алады.
Түркістан облысында 5 жылда мемлекеттік орман қоры жерлеріне 110 мың гектар аумаққа 170 млн ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырманы орындау мақсатында былтыр 15 гектарға жуық жерге 18 млн 707 мың көшет отырғызылған. Жоспар толығымен орындалғанын да тілге тиек ете кету керек. Биыл 17 гектар аумаққа 22 млн ағаш егілмек. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында айтылды.
Климаты құрғақ Түркістанда құрылған 29 511 гектарды қамтитын жасыл белдеудің 13 629 гектарына ағаш егіліп, жасыл желекке оранған. Аталған жұмыстарға облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Әуежай мен рекреациялық аймақта 400 гектардан астам жерге тамшылатып суғару жүйесі мен көшеттерге тірек толығымен орнатылған. Абаттандыру мен тазалық жұмыстары да жүргізілуде. Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат реттеуді пайдалану басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиевтің айтуынша, жаңа әкімшілік іскерлік орталығындағы 50 гектар алма бауы жаңартылып, тамшылап суғару жүйесі және көшеттерге тірек орнатылып,қоршау және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 30 млн-ға жуық көшет өндірілді. Биыл өз күшімізбен көктем, күз айларында, толықтыру жұмысынан бөлек 3500 гектар (оның ішінде 300 га сексеуіл) жерге көшет егуге мүмкіндігіміз бар. 1000 гектарға шаққанда 3 млн-ға жуық жапырақты ағаштар кетеді, жалпы 10 млн-ға жуық көшет отырғызылады»,-деді басқарма басшысы.
Оқырман қауымға тарқата айта кетейік, тарихи қаланы жел эрозиясынан сақтап, экологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін Түркістан маңынан жасыл аймақ құрылған. Оны күтіп-баптау ісіне де айрықша назар аударылып отыр. Мәселен, әр ағаш тамшылатып суғару жүйесі арқылы өсіріледі.