ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ ТҮЛЕКТІ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУҒА МІНДЕТТЕЛЕДІ

Бүгінде екі қолға бір күрек таппай сандалып, мейрамхана мен мекемелерді жағалап жұмыс іздеп жүрген жастар көп. Мамандығы бойынша жұмыс таппағандардың дені құрылыс саласында жүргені де жасырын емес.

Осындайда мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаржының желге ұшқанын аңғаруға болады. Мекемелердің жұмысқа қабылдарда тәжірибесін тәптіштеп сұрайтыны белгілі. Жас маманда ол қайдан болсын?! Демек бұл – мамандықты енді ғана меңгеріп шыққан жастардың қолындағы мәселе емес. Ал мемлекет тарапынан қандай шаралар қолға алынды? Алдағы нақты жоспар қандай?
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлінің кеңейтілген алқа мәжілісінде жоғары оқу орындарын түлектерді жұмыспен қамтуға қатысты тапсырма берді. Оған сәйкес, алдағы уақытта университеттер түлектерді жұмыспен қамтуға міндеттелмек.
«Жоғары оқу орындарының жанынан түлектерді жұмысқа орналастырумен айналысатын мансап орталықтарын ашуды тапсырамын. Біздің мақсатымыз – кем дегенде түлектердің 70 пайызын жұмысқа тұрғызу», — деді вице-Премьер. Сондай-ақ ол «Бақытты отбасы» жобасын бүкіл өңірлерге таратуды тапсырды. Аталған жоба қазақстандық отбасылар мен балалардың әл-ауқатын арттыруды көздейді.
«Бақытты отбасы» жобасын көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған аналарды қолдау және жетектеу орталығы ретінде дамытуды тапсырамын. Мұндай жобалар қазір Нұр-Сұлтан қаласында, Павлодар, Қарағанды облыстарында іске асырылып жатыр. Соның басын біріктіріп, мұқият қарастыру керек. Орташа есеп жасап көрдік. Бұл бізге жыл сайын бүкіл өңірлерде 20 мың көпбалалы ананы жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді», — деді Ералы Тоғжанов.
Қазіргі уақытта мектеп бітірушілерінің еңбек нарығымен санаса бермейтіні де белгілі. Сұраныс жоқ мамандықтарды меңгеріп, жұмыссыз қалған түлектер де баршылық. Сондықтан вице-премьер «Жаңа мамандықтар мен біліктіліктер» жобасын басшылыққа алып, жұмыс істеуді ұсынды. Оның сөзінше, бастама келешегі бар мамандықтарға бейімделуге мүмкіндік береді.
Иә, жоғары оқу орындарының түлектерді жұмыспен қамту бастамасына атсалысатыны көңілге қонымды. Десе де қағаз жүзінде ғана нәтиженің жақсарып, шынайы өмірдегі жағдаймен қабыса алмай жата ма деген күдіктің бары да жасырын емес…