ШЫМКЕНТТЕ ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ АЙТАРЛЫҚТАЙ ӨСКЕН

Шымкентте өнеркәсіп өнімінің көлемі айтарлықтай артқан. Мәселен, өткен жылы үшінші мегаполис кәсіпорындары 785,4 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімін өндірген. Оның 87,2 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Нақтырақ айтсақ, 679,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 пайызға өскен. Бұл туралы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Біржан Әзімбердиев akimat_shymkent инстаграм парақшасында өткен тікелей эфирде айтты.

Бұдан бөлек, ол мұнай өңдеу өнімдерін өндіру 7,8 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 2,7 пайызға, сусындар өндіру 13,1 пайызға, химия өнеркәсібіндегі өнім көлемі 1,9 пайызға, дайын металл бұйымдарын өндіру 28,2 пайызға, машина жасау 42,8 пайызға, қағаз өндіру 13 пайызға артқанын тілге тиек етті.
«Биылғы жылы өңдеу өнеркәсібінің көлемі 744 млрд теңгеден асады деп болжануда. Сондай-ақ экспорт саласы бойынша қаланың өңдеу өнеркәсібіндегі 54 кәсіпорын тұрақты экспортқа өнім шығарады. 2021 жылдың 11 айында тауарлардың шикізаттық емес экспорт көлемі 413,8 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 450 млн АҚШ долларына жетеді деп күтілуде»,- деді басқарма басшысының орынбасары.
Тікелей эфир барысында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары қала тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға бағытталған бағдарламалар жайын тарқата түсіндіріп берді.