ҚАҢТАРДА ҚАЗА ТАПҚАНДАРДЫҢ ЕСІМІ ҚАШАН ЖАРИЯЛАНАДЫ?
Кешегі ақпанда Мәжілістің су жаңа төрағасы болып шыға келген Ерлан Қошанов журналистердің сұрағына жауап бермей, кезінде ішкі істер министрі болған Қалмұханбет Қасымов, Премьер-министр болған Асқар Маминнің тілшілерден басын алып қашқан әрекеттерін еске түсірген болатын. Сол кезде Қошановтың басқаруындағы Төменгі палата барынша ашық болады дегені құр сөз болды ма деген сарындағы сындар айтылған. Төреші уақыт Қошановтың сол сыннан нақты нәтиже шығарғанын көрсетіп берді.
Мәжіліс төрағасы осы аптада журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді. Ол «қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша қаза тапқан 227 адамның аты жөні жарияланады ма?» деген сауалға билік ештеңені жасырып жауып жатпағанын, қайтыс болғандардың аты-жөні тергеу толық біткеннен кейін жарияланатынын айтты. Және тергеу баяу жүріп жатпағанын, оқиғаның ауқымы өте кең болғаннан соң, әр деталь терең зерттелу керектігін жеткізді.
Сонымен қатар ол, Елбасы мәртебесі туралы заңды қайта қарастыру мәжілістің күн тәртібінде жоқ екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, жуырда еліміздің Тұңғыш Президенті туралы заңға өзгеріс енгізілген болатын. Соған сәйкес Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесінде және Қазақстан халқы Ассамблеясына өмір бойы төрағалық ету құқығының күші жойылған. Және аталған заңнан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты бастамалар Елбасымен келісілуге тиіс деген норма да алынып тасталған. Тек Елбасы мәртебесі туралы норма қалдырылып, оның отбасына дербес құқық берілген.