ЖАТТЫҚТЫРУШЫЛАР ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ. НЕГЕ?

Спорт саласында өзегі тарқалмаған мәселе көп. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де байрақты бәсекелерде отандық ойыншылар былтырғы Токиода өткен Жазғы Олимпиада ойындарында қоржынға алтын сала алмады. Ал биыл Бейжіңде өткен Қысқы Олимпиада ойындарында спортшыларымыз бірде бір медальды қанжығаға байлай алмай құр қол қайтты.

Спортшылар жанкүйерлер сенімін ақтай алмағандарына тек өздері себепкер дегенді жоққа шығарады. Олар елімізде қысқы спорт түрлерімен жаттығатындарға жағдай жасалмағанын ашық айтуда. Тиісті ведомства спортшылардың бұл уәжіне келіседі. Дүбірлі додаларда ойыншыларымыздың өрнекті ойын көрсете алмауының себебі мұнымен шектелмейді екен.
Осы аптада еліміздің Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев спорт саласын өрге сүйреуде қандай мәселелердің өзегін тарқату керектігіне назар аударды.
Министр елде спортшылардың бабын шыңдайтын жаттықтырушылар мүлдем жетіспейтінін баса айтты. Ал оқу орындарында дене шынықтыру факультеттерін бітірген білікті кадрлар болса жаттықтырушылық жұмысқа қойып кете бермейді. Себебі жаттықтырушылар үшін белгіленген жалақы тым аз. Алпыс мыңнан сәл асады. Сондықтан да талай спортшының талант кемесінің қайырылмауына себепкер болуы мүмкін жаттықтырушы мамандар қызмет көрсету, күзет фирмалары, құқық қорғау органдары саласы қызметкерлерінің қатарын толықтырып жүр. Мәселеге тез нүкте қоймаса елімізде жаттықтырушыларға қатысты кадр тапшылығы әбден болуы мүмкін. Өйткені қазіргі таңда еліміздегі көптеген жаттықтырушылардың көбі зейнет жасына жетіп қалған.
Ведоства басшысы салада бұдан өзге мәселелер де жетерлік екенін айтты. Соның бірі спорттық нысандардың тозғаны. Оны ретке келтіру үшін қомақты қаражат керек.

Ж.БАЛАУСА.