ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ АРПАЛЫСҚА АПТА АСТЫ

Ресейдің Украинаға жау шаптырғанына апта асты. Даудың басы Ресей Президенті Владимир Путиннің 22-ақпанда Украина шығысындағы жікшіл аймақтарды атап айтқанда Донецк Халық Республикасы мен Луганск Халық Республикасын тәуелсіз ел деп мойындап, 24-ақпанда нацистерден тазартамын деген желеумен елге соғыс бастауынан болды.

 

Өткен бейсенбінің таң алакеуімінде Ресей Президенті Владимир Путин Украинада арнайы операция бастайтынын мәлімдеді. Өз мәлімдемесінде Путин Батысқа дауға араласпауды ескертті. Және мұндай қадамға баратындарға Ресей қарап отырмай тез қарымта қайтаратынын айтты.
Бұл мәлімдемеден соң Украина Президенті Владамир Зеленский елде 30 күнге әскери жағдай жариялады. Елдің Қорғаныс министрлігі әскерге көмектесе алатын азаматтарға қару беруге әзір екенін жеткізді. Бұдан алдын Зеленский қауіп бұлтының төніп келе жатқанын сезіп, украин армиясы мен басқа да әскери жасақтарды толықтыру үшін бас қолбасшы ретінде резервтегілерді әскерге алу туралы жарлыққа қол қойған. Сол күні-ақ Украинаның бірнеше қаласында жарылыс болды. Абдыраған жұрт от пен оқтан сақтану үшін жертөле мен метроға қарай бас сауғалап кетті. Елді тастап кетіп жатқандар да болды.
Ресейдің Украинадағы әскери операциясын Батыс лидерлері қолдамады. Мәселен, АҚШ Президенті Джо Байден Путиннің бұл әскери қимылы туралы «жауапкершілігін тек қана Ресей көтереді» десе, Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон Путиннің «қантөгісті» таңдағанын айтып, оның бұл әрекеті үшін Ұлыбритания мен одақтастары әрекетсіз қалмайтынын мәлімдеді. НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг болса Ресейдің «бассыздықты» тез арада тоқтатуын талап етті. Бірақ бұл талаптар Путинді тезге салып, тоқтата алмады.
Зеленский болса твиттер парақшасы арқылы әлемнің алпауыт елдерінің басшыларына, атап айтқанда АҚШ Президенті Джо Байденге, Германия канцлері Олаф Шольцке, Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсонға және басқа да Батыс лидерлеріне үндеу тастап Путиннің Украина мен бейбітшілікке қарсы соғысты тез арада тоқтатуға шақырды. Бұдан соң Еуроодақ Мәскеуге салдары аса ауыр тиетін санкция қабылдайтынын ескертті. Одан алдын Еуропа одағы, АҚШ пен Ұлыбритания Донецк Халық Республикасы мен Луганск Халық Республикасын тәуелсіз деп танығаны үшін Ресейге шектеу салған. Бұл елдермен қатар Ресейге Канада, Жапония, Австралия билігі де шектеу салды.
Соған қарамастан Украинадағы ахуал ушығып, ел жағдайы кері кетті. Ресей әскері елдің оңтүстігінен, солтүстігінен, шығысынан шабуылдап бірнеше елдімекен мен Чернобыль атом электр стансасын басып алды. 25-ақпанда Ресей әскерлері Киевке кіргені туралы ресми мәлімет жарияланды. Тығырықты сәтте елге видеоүндеу жасаған Украина Президенті Зеленский елден кетпегенін, балалары мен әйелі де сыртқа шықпағанын, отбасының сатқын емес екенін жеткізді.
Ресей тарапы оқты бейбіт халыққа емес, әскери нысандарға аса дәлдікпен атып жатқандарын алға тартқанмен, қираған үйлер көп-ақ. Сонымен қатар қаза тапқан арасында бейбіт тұрғындар да жоқ емес екені туралы мәліметтер бар.
Жалпы соғыс басталғалы бері Украинада жүз мыңнан астам азамат үйін тастап кеткен екен. Көпшілігі Польша, Румыния, Молдаваға қарай бет алуда. Бұл деректі БҰҰ хабарлайды.
Соғыс басталған күні-ақ Зеленский жаумен Украина «жалғыз өзі» бетпе-бет келгенін айтты. Ал АҚШ болса Украинаға әскер кіргізуден бас тартты. Бірақ Украинаны қолдау ретінде Батыс елдерімен бірігіп, Ресейге көптен ескертіп келген санкцияларын жариялай бастады. Ізінше Ресей бизнесінде доллар мен еуро қолдануға тыйым салынды. Одан өзге алпауыт елдермен Ресей арасындағы ауқымды жобалар кілт тоқтады. Ұлыбритания Ресей ұшақтарының ел аумағында қонуына тыйым салды. Тек Ұлыбритания емес, 40-тан астам ел Ресей ұшақтарына әуе кеңістігін жапты. Банктер халықаралық SWIFT төлем жүйесінен ажыратылды. Ресей орталық банкінің шоттары бұғатталды. Батыс елдерінің санкцияларынан соң Ресей валютасы құлдырай түсті. Санкциялардың мұндай түрін Бельгия Премьер-министрі Александр де Кро бұл жай ғана ресми Мәскеуді шымшып қоятын шектеулер екенін, Ресейге орасан зор ықпал ететін санкциялар қажеттігін ашық айтты.
Бірақ жағдай қанша ушықса да Ресей Президенті Владимир Путин әскерін әлі кері шақырған жоқ. Ол Украинаның «Ресей әскерін әкетіп, ел аумағынан түгел шығып кетсін» деген талабына міз бақпай отыр. Мұндай агрессия Зеленскийдің бойында байқалмайды. Дей тұрғанмен де ол бірнеше уақыттан бері майлы нүкте қойылмай келе жатқан бұл мәселені шиеленіспен емес, бейбіт жолмен шешкісі келетінін ашық айтуда. Бірақ басқыншылыққа да қарап тұрмай қарсы шығатынын жасырмаған.
Бұл соғысқа тұтас әлем былай тұрсын Ресей халқының өзі қарсы. Ресейдің 40-тан астам қаласында соғысқа қарсы наразылық акциялары өтуде. Одан бөлек әлемнің бірнеше қаласында да адамдар көшеге шығып, Украинадағы соғысты тоқтатуды талап етуде.
Екі ел арасындағы шайқастың немен аяқталатынын әлі белгісіз. Анығы соғыстың зардабын қараша халық тартып отыр.
Ресейге салынған санкциялардың әсері біздің елге де салқынын тигізіп отыр. Санкциялар Ресейге дүркін-дүркін салынып жатқаннан бастап қазақстандық сарапшылар мұның елге ешқандай салқыны тимейтінін, экономикалық тұрғыдан келер қауіп оншалықты жоғары емес деп нық сөйлеген еді. Бірақ сарапшылардың бұл пікірі жәй сөз екенін уақыттың өзі көрсетіп берді. Себебі Қазақстанның Ресеймен сауда-саттығы мен алыс-берісінің үлесі өзге елдермен салыстырғанда басымырақ. Ресей әскері Украинаға басып кірген алғашқы күннен бастап еліміздегі ақша айрыбастау пункттерінде ұлттық валютамыз 30 теңгеге құнсызданып кетті. Ал осы аптаның сейсенбісінде Қазақстанда 1 АҚШ доллары 500-теңгеден асып кетті. Бұл бағам қазақстандықтардың қалтасына салмақ салғаны ақиқат. Теңгенің әлі қаншалықты теңселетіні туралы қандай да бір болжам айту қиын-ақ. Бірақ Ұлттық банк валюта бағамын күн сайын 100 миллионға жуық қаржы жұмсап тежеп отыр. Бірақ мамандардың айтатын болжамы жұбатарлық емес. Ал Үкімет болса әдеттегідей оптимистік болжамын алға тартуда. Еліміздің Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров экономикамыз дағдарысқа ұшырамас үшін негативті, базалық және оптимистік сценарий әзірленіп қойғанын жеткізді. Ол министрлер кабинеті дайындаған бұл сценарийлер нақты қандай қадамдардан тұратынын ашып айтпады. Қуантыров ашықтыққа жол берсек алыпсатарлар табылып, жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін деп түсіндірді. Ал Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев болса рубльді құнсыздандырып, теңгені теңселтіп тастаған Ресей мен Украина қақтығысы туралы шиеленістің бейбіт жолмен шешілуіне мүдделі екенін айтудан әрі аспай отыр.
Екі ел арасындағы арпалысқа апта асты. Осы қақтығыстың зардабын тартып отынған Қазақстан бұл тығырықтан шығар жол таба ала ма? Ол уақыт еншісінде.

Қ. ҚАЛИЕВ.