«НҰРЛЫ ЖОЛДАР» ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ОРДАСЫ БОЛЫП ОТЫР
Кешегі жұмада Түркістан облысы Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов ірі көлемде пара алды деген күдікпен құзырлы органның құрығына түскені туралы ақпарат желдей есті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі моноқала басшысының бармақ басты, көз қыстымен қалтасына баспақ болған парасының көлемі 98 мың 500 АҚШ доллары екенін көрсеткен. Көрсетілген көк қағазды теңгеге шақсақ 42 млн 500 мың теңге екен.
Соңғы кездері Кентаудағы аналардың жанайқайын жүре тыңдайды, қаланың тазалығына қырын қарайды, шаһар тіршілігіне қатысты сан жұмысты дұрыс игере алмайды деген сындардан көз ашпай келе жатқан Махажанов осыншама қаржыны Мырғалымсай жерінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер фирманың басшысынан делдал арқылы алған. Мердігер мекеме басшысы мұндай қомақты қаржыны өз қалтасынан емес, мемлекет есебінен беріліп отырған ақшадан «жырып» беріп отырғанын бағамдау қиын емес. Сенімді ақпарат көздеріне сенсек, Махажанов ірі көлемде параны алу кезінде қолынан кісен салынған заматта-ақ Алматыдағы Полиция департаментінің тергеу абақтысына қамалғаны хабарланған. Себебі Махажановтың көлденең табысқа батпақ болған бұл әрекетіне қатысты тергеу шараларын Антикордың Алматы қаласы бойынша департаменті жүргізіп келген.
Айта кетейік, Дәурен Махажанов Кентау қаласының әкімі қызметіне 2019 жылдың сәуірінде кіріскен еді.
Қызмет орынтағын дәл осы Махажанов сияқты май шелпекке айналдырғысы келетіндер қатары азаймай отыр. Мәселен, осы аптада Қытай-Қазақстан шекарасындағы «Нұр жолы» кеден бекетінің басшысы мен орынбасары ірі көлемде пара алу кезінде құрыққа түсіп, қолына кісен салынды. Олар заңсыз жолмен тауар алып өтпек болған кәсіпкерден 50 мың АҚШ долларын санап тұрған жерінде тұтқындалды. Кеденде өздерін жартықұдайдай сезініп отырған басшыларды құрыққа түсіру операциясын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігі мен Бас прокуратура бірлесе жүргізген. Ал 50 мың доллар ұсынған кәсіпкер кейпінде құзырлы орган өкілі болған. Бұл жәйт бойынша өзге ақпараттар тергеу мүддесі үшін жарияланбай отыр.
Соңғы аптада болған ірі көлемдегі осы бір сыбайлас жемқорлыққа қатысты екі істен көлденең табыс тапқысы келгендерге «Нұрлы жолдар» май шелпек болып отырғанын аңғардық. Бұл анықталғаны ғана. Ал анықталмағаны қаншама…
А.САТЫБАЛДЫ.