КӨКТЕМДЕ 17 МЫҢНАН АСА ЖАС ӘСКЕР ҚАТАРЫНА ҚАБЫЛДАНАДЫ

Ағымдағы жылдың 1-шілдесіне дейін еліміздің Қарулы күштері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Ұлттық ұлан қатары 17 мыңнан аса сарбазға артады. Осы мақсатта биыл көктемде 17 мыңнан аса қазақстандық әскерге шақырылады. Қолданыстағы заңға сәйкес, мерзімді әскери қызметке 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар қабылданады.

 

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарулы күштер Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің басшысы Сәкен Жүсіпов хабарлады.
Азаматтарды әскер қатарына қабылдау үшін 1-наурыздан бастап еліміздегі барлық әскерге шақыру пункттерінде әскерге шақыру комиссиялары жұмысын бастады. Әскерге шақырылған қазақстандықтарға SMS-хабарлама және мекенжайына жеке шақыру қағазы жолданатын болады. Жас сарбаздар коронавирусқа қарсы ПТР-тестті 2 рет тапсырады. Біріншісі, әскерге шақыру кезінде (жиын пункттерінде), екіншісі әскери бөлімге келген кезде.
Бұған дейін Қарулы күштер Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті әскерге шақырылатын жастардың жеке істерін алдын ала зерделеу жұмыстарын бастаған болатын. Жеке істерді зерделеу кезінде әскерге шақырылатындардың сауалнама деректері анықталып, әрбір жас азаматпен және оның ата-аналарымен әңгімелесу жүргізілген. Зерделеу барысында әскерге келетіндердің алған мамандықтары міндетті түрде ескеріліп, сонымен қоса олардың моральдық және іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене бітімі, жалпы білімі, арнайы дайындығы мен отбасы жағдайы жөніндегі мәлімет нақтыланады. Іріктеу жұмыстарының сапалы болуы үшін әскерге шақырылғандардың сотты болуы немесе болмағаны да назарға алынады.
Әскерге шақырылатын азаматтарды зерделеу жұмыстары 10-қаңтардан басталып, 28-наурызға дейін жалғасады. Ал күзгі әскерге шақыру кезіндегі зерделеу жұмыстары 10-тамыздан басталып, 28-қыркүйекке дейін өтеді.