ЖАСТАР ЖАН ТӘСІЛІМ БОЛУҒА НЕГЕ БАРАДЫ?

Осыдан бір жыл бұрын Сенат депутаттары Қазақстан суицид жасауға бейім 15 елдің қатарында тұрғанын айтып дабыл қаққан. Сондықтан елімізде психологиялық және медициналық көмек көрсететін орталық ашу қажеттігін айтқан еді. Халық қалаулыларының бұл ұсынысынан ешқандай нәтиже шықпауынан Үкіметтің бұл мәселені жүре тыңдап, жылы жаба салғанын аңғару қиын емес.

Бірақ Сенат депутаттары араға бір жыл салып бұл мәселені тағы көтеріп отыр. Осы аптада жоғарғы палата депутаты Рысқали Әбдікеров 15-17 жас аралығындағы жастардың өз-өзіне қол салу статистикасы бойынша Қазақстан әлем елдерінің ондығына кіретінін айтты. Депутат бұл көрсеткішті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы бес жылдағы статистикасына сүйене отырып келтірген.
Сенатор жасөспірімдердің 17 пайызы мектепте айына бір немесе бірнеше рет қысымға ұшырайтыны туралы ғалымдар мен сарапшылардың қорытындысын алға тартты. Сонымен қатар ол үйден тыс жерде зәбір көріп, оны ата-анасынан, мұғалімінен жасырып, өз проблемасымен жеке қалған өрендер де өз-өзіне қол жұмсауға бейім болатынын айтты.
Одан өзге Рысқали Әбдікеров жалпы пайдаланудағы телекоммуникациялық-ақпараттық жүйелерде өзіне-өзі қол жұмсауды насихаттап, балаларды суицидке итермелеу ақпараттарының негізгі роль ойнап отырғаны да қауіпті фактор болып отырғанын жасырмады. Депутат мәселені майшаммен қарайтын уақыт жеткенін айтып, осы бағытта өз ұсынысын жолдады. Бұл туралы ойын ол «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерту енгізіп, білім беру ұйымының басшысы білім беру процесіне қатысушыға байланысты буллинг/кибербуллинг жағдайлары туралы уәкілетті органдарға хабарламағаны үшін жауапкершілік енгізу қажет. Мектептерде оқушылардың өзара жанжалдасуы мен текетіресінің, басқа да құқық бұзушылықтың алдын-алу үшін әлеуметтік оңалту мен татуластыру қызметтерін құру маңызды»,-деп жазды.
Айта кетейік, ranking.kz мониторинг агенттігінің дерегінше, былтыр елімізде 2145 адам өз-өзіне қол салған.