ОБЛЫСТА 70 АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ЖАЙЫЛЫМ ЖЕРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛДІ

Түркістан облысында 87,2 мың гектар жайылым жер игерілмеген. Бұл космомониторинг арқылы «Гринпойнт» жүйесімен облыста 2019-2021 жылдар аралығында 1874,1 мың гектар алқапқа жүргізілген түсірілім нәтижесінде анықталып отыр.

Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды.
Қазіргі таңда облыста пайдаланылмай, бос жатқан және заңсыз алынған жайылым жер алқаптарын қайтару және түгендеу жұмыстары күшейтілді. Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, былтыр аймақта 131,1 мың га жердің пайдаланылмай жатқаны анықталған. Арнайы жер қорына қайтарылғаны 46,5 мың га болса, 61,2 мың га жерді қайтару жөнінде нұсқамалар берілген. Сонымен қатар өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ортақ жайылыммен қамтамасыз етудің қадамдық алгоритмі бойынша 133 елді мекенге 135,8 мың га жайылым жер бекітіліп берілген. Нәтижесінде жайылыммен қамтамасыз етілген ауылдық округтердің саны 70-ке жеткен.
Биыл түгендеу және қайтару жұмыстары арқылы тұрғындар жалпы 618,8 мың га ортақ жайылыммен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Өз кезегінде облыс басшысы жергілікті әкімдер бос жатқан жайылымдар кімнің атында екенін жасырмай айтулары керектігін айтты. Және жайылым жерлерді ел игілігіне қайтару жұмыстарын күшейтуді тапсырды.