АЖЫРАСУ АЙТАРЛЫҚТАЙ АЗАЙҒАН

Ағымдағы жылдың 1-қаңтарындағы жағдай бойынша Түркістан облысы халқының саны 2 075 404 адамды құрады. Облыс халқының 20,9 пайызы (433780 адам) қалалық жерде орналасқан болса, 79,1 пайызы (1 641 624 адам) ауылдық жерде тіршілік етеді.

Бұл туралы ҚР Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бағлан Қарғұлов мәлімдеді.
Департамент басшысының сөзінше, республика бойынша Түркістан облысы туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша бірінші орында тұр. Айтуынша, былтыр аймақта 13 897 неке тіркелген. Тіркелген некелердің саны 2020 жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға артқан. Ал ажырасулар саны 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы 36,6 пайызға азайған. Былтыр облыста 65 267 бала дүниеге келсе, қайтыс болғандар саны 13 560 адамды құраған.
Бұдан өзге, өткен жылы көші-қонмен облысқа келген халықтың саны 26 822 адамды құраса, оның 26 285-і Қазақстанның басқа облыстарынан, 516- ынтымақтастық елдерінен, 21 адам алыс шетелдерден келгендер.