ОҚАЛЫ ПОГОН ТАҚҚАНДАРДЫҢ БӘРІ ОТАНЫНА АДАЛ БОЛМАЙ ТҰР

Қазақстан Қорғаныс министріне жарымай-ақ қойды. Өткен жылдың тамыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлкен сенімін арқалап Қорғаныс министрі креслосына жайғасқан Мұрат Бектановты аптаның алғашқы күні Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты екі ай қамауға алды. Экс-қорғаныс министрі 19-қаңтарда ұсталған. Оған қаңтар оқиғасы кезіндегі әрекетсіздігі үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 452-бабы бойынша айып тағылып отыр.

Естеріңізде болса, Бектанов осы жылдың 19-қаңтарында мемлекет басшысынан сөз естіп, сынның астында қалған болатын. Сол күні Президент Тоқаев оны қаңтар оқиғалары кезінде командирлік қабілетін көрсете алмағанын айтып, қызметінен босатқан. Жауапты қызметтің жүгін көтере алмағаны ел жұртқа паш етілген Бектановқа қатысты араға бір ай салып мұндай ақпарат боларын кім болжапты?
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Бектановтың қамалғанынан басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жариялауға жатпайтынын айтпай отыр. Сондықтан Бектановтың нақты қай жерден мүлт кеткені туралы ешкім ашып айта алмайды.
Әскери сарапшы Сейіт Батталов Бектановтың қаңтар оқиғасы кезінде батыл қадамдарға бармауына үш себепті атап өтті. «Білімі жетпеуі мүмкін. Немесе тәжірибесі жетпеуі мүмкін. Тағы бір себеп мінез жетпеуі мүмкін. Осы себептердің біреуі болуы мүмкін» деген Батталов заман тыныш кезінде жаттығу өткізу керектігін де атап өтті.
Ал саясаттанушы Дос Көшім болса Бектановқа қатысты жағдайға отандық теларнаға берген комментарийінде «Оған Президент тарапынан белгілі бір бұйрық берілді. Ол оны орындаған жоқ. Немесе ол өзіне берілген бұйрықты дұрыс орындаған жоқ. Жартылай орындады. Немесе президент күткендей жұмыс жасаған жоқ» деген болжам айтады.
Қайткен күнде де Бектановтың үстінен қозғалып отырған іс бойынша кінәсі дәлелденсе, ол кемі 900 мың теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Немесе төрт жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы да ғажап емес.

С. НҰРАЙ.