ТОҚАЕВТЫҢ МӘСКЕУДЕ МҮЛКІ ЖОҚ
Таяуда Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Тоқаевтар отбасының
«оффшорда құпия шоты» бар екенін, бұған қоса Мәскеу мен Женева қаласында жылжымайтын мүлкі бар екенін баяндаған.
Осы аптада Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбуктегі парақшасы арқылы маңызды мәлімдеме жасады. Өз мәлімдемесінде Берік Уәли «Президенттің шетелдік банктер мен оффшорлық компанияларға да ешқандай қатысы болмаған және шетелде жылжымайтын мүлкі де жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұрынғы жұбайының да мақалада жазылғандай ешқашан қаржылық шоты болмаған. Тимур Тоқаевқа келетін болсақ, жасы 38-де. Ол кәсіпкер, ешқашан мемлекеттік қызметте істемеген. Өздеріңіз білесіздер, Президент экономика мен саясаттағы монополияны шектеуге, реформаларды жүзеге асыруға күш салып келеді. Бұл Мемлекет басшысының осындай шешімдерін жақтамайтын адамдардың әдейі таратып жатқан фейк ақпараттық шабуылы деп ойлаймын» деген.
Берік Уәлидің «бұл мемлекет басшысының осындай шешімдерін жақтамайтын адамдардың әдейі таратып жатқан фейк ақпараттық шабуылы деп ойлаймын» деген сөзінің астарында не жатыр?
Бәріне белгілі жыл басынан бастап Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев олигархтардың шетелде жатқан капиталдарын елге қайтаруға мүдделі екенін ашық мәлімдеген болатын. Бұл туралы ол «Егер өз болашағыңызды Қазақстанмен байланыстырамын десеңіз, тапқан ақшаңызды еліңізге қайта салуыңыз қажет. Қазақстанның алдындағы саяси және әлеуметтік жауапкершілігіңіз сол. «Осы жерде ақша тауып, ана жақта жұмсаймыз» деген қағиданың практикалық қолданысқа құқығы жоқ», — деп қадап айтқан. Және де Президент бұл мақсатта жұмыс екі бағытта жүргізілетінін, біріншісі – капиталды елге қайтару немесе қайтаруды ынталандыру, екіншісі – оффшорға ақша шығаруға тосқауыл қою екенін ескерткен-тін.
Президенттің бұл ескертуі бойынша нақты қадамдар әзірден жасалып жатыр. Мысалы, жуырда АҚШ билігі Америкада банктен шот ашқан қазақстандықтар туралы ақпаратты Қазақстанға жасырып, жаппай ұсынуға келісім берді. Ұлыбритания да мұндай қадамды құптап отыр. Тіпті британдық депутаттар қазақстандық олигархтардың активтерін табан ет, маңдай термен табылған табыс деп санайтындарын жеткізген.
Айта кетейік, соңғы 25 жылда қазақтың 160 млрд доллар ақшасы оффшорға шығарылған.
«Уақыт».