ШЫҒАРЫП САЛМА ЖАУАППЕН СЫТЫЛЫП КЕТЕТІН ШЕНЕУНІКТЕРГЕ ТЫҚЫР ТАЯНДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 11-қаңтарында Парламент Мәжілісінде жасаған мәлімдемесінде «Мемлекеттік органдардың басшылары халықпен тілдесуді білмейді, тіптен қорқады да. Сөйтіп олар мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Мұндай шенеуніктермен қоштасудың кезі келді» деп барлық шен-шекпенділерді халықпен байланыс орнатуда ашық болуға шақырған еді. Бірақ билікте отырған шенеуніктер бұл ескертуді құлағына да қыстырмаған сыңайлы.
Кешегі аптада Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаевтың әрекеті соған мысал. Азаттық радиосы тілшісінің «қаңтар оқиғасы кезінде немесе оқиғадан кейін полицияның жаралыларды ауруханадан ұстап әкетуіне байланысты министрліктің ұстанымы қандай?» деген сұрағына Бүркітбаев «Бұл сұраққа әріптестерімізбен ақылдаса отырып, жазбаша жауап берген дұрыс болар деп ойлаймын» деп шығарып салма жауап қайтарған. Кейіннен ведомства жолдаған жазбаша жауапта жарытып ештеңе айтылмағаны белгілі болған. Ашық ақпарат беруде көп жәйтті бүкпелеген Бүркітбаевтың бұл әрекеті Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың назарына ілінген.
Осы аптадағы Үкімет отрысында Әлихан Смайылов Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиянатқызына «Өткен аптада сіздің орынбасарыңыз брифинг өткізді. Өкінішке қарай, денсаулық сақтау вице-министрі журналистердің сұрақтарына нақты жауап бермеді. Осыған назар аударуыңызды сұраймын» деді. Ол мұндай жағдайлар Үкіметтің тұтас жұмысына кері әсер ететінін айта келе, «Біз қоғамға ашық болуға тиіспіз. Үкіметтің негізгі міндеті – әрбір қабылданған шешімді түсіндіріп, қоғам пікірін ескеру»,- деп айтты.
Енді шығарып салма жауаптан сытылып шығуға еті үйренген шенеуніктерге тықыр таянды. Смайыловтың бұл ескертуінен кім, қандай сабақ алғанын көретін уақыттың ауылы да алыс емес.