ТЕГІС ЖОЛДАН ТҮСКЕН ҚАРЖЫ СЕГІЗ МИЛЛИАРДТАН АСАДЫ

Қазақстанда республикалық маңыздағы 11 бағыт ақылы жолдар санатында екені белгілі. Былтыр сол ақылы жолдардың есебінен түскен қаражат көлемі 8,1 млрд теңгені құраған.

Түскен қаржының 6,9 млрд теңгесі «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Нұр-Сұлтан – Щучинск», «Алматы – Қапшағай» және «Алматы – Қорғас» жол учаскелерінен түскен. Ал өткен жылдың 23-қарашасынан бастап ақылы тәртіпке көшкен «Тараз – Қайнар», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Тараз», «Шымкент – Өзбекстан шекарасы», «Талдықорған – Қапшағай», «Көкшетау – Щучинск», «Нұр-Сұлтан – Павлодар» автомагистралдарынан автокөліктердің жүріп өткені үшін алынған жалпы төлем көлемі 1,2 млрд теңге болған.
Айта кетейік, былтыр аталған 7 учаскені ақылы жүйеге көшіру туралы бастаманы жүргізушілер наразылықпен қабылдаған болатын. Олар аталған учаскелерде сервис талапқа сай еместігін, сондықтан да биліктің ақылы тариф туралы жақ ашуы қисынсыз екенін жеткізген. Бұл учаскелерде жүргізушілер мен жолаушыларға қызмет көрсету сервисінің сиқы мәз еместігі айдан анық еді. Соған қарамастан аталған учаскелерге ақылы жүйе енгізілген.
Өз кезегінде еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі түскен теңгенің барлығы ақылы жолдарды күтіп ұстауға және бағдарламалық-аппараттық кешенін қолдауға бағытталатынын мәлімдейді.
Бұған дейін елімізде 2025 жылға дейін республикалық маңыздағы 11 мың шақырым автомобиль жолдары ақылы жүйеге көшетіні туралы хабарланған.