“Балаңызды ешкім ұрып-соқпайды”

Атырау облыстық Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты УГ-157/1 мекемесінің бастығы Мейірбек Уразгалиев тұрғындарды жеке сұрағымен қабылдады.

Тергеу изоляторында отырғандардың туыстары келіп, мекеме бастығына өз сұрақтарын қойды. Қала тұрғыны Алтынай Жолжақсынованың ұлы дүкенге ұрлыққа түсіп, сот санкциясымен екі айға қамауға алынған. Ол бүгінгі кездесуде ұлының несиесі туралы сұрақ қойды.

— Ұлым тергеу изоляторына түспес бұрын, өз атына несие рәсімдеген екен. Енді банк қызметкерлері күнде қоңырау шалып, қарызды төлеуді сұрайды. Мен өзім жұмыссызбын, сол себепті ұлымның несиесін төлейтін ақшам жоқ. Осы мәселені қалай шешуге болады? Ол бостандықта болса, несиесін төлер еді, — дейді Алтынай Жолжақсынова.

Мейірбек Уразғалиев несие бойынша мекеме заңгеріне тапсырма беріп, банкке уақытша төлемеу туралы өтініш жазуды сұрады.

Аудан тұрғыны 67 жастағы Қаримолда Сағиев тергеу изоляторында сотын күтіп отырған немересін уайымдап келген.

— Немеремді ойласам, жүрегім ауырады. Жаман жолға қашан, қалай түскенін де білмейміз. Мектепте жақсы оқып, жаман жолға түспеп еді. Оның есірткіге әуес екенін тек ұсталған кезде ғана білдік. Балам осы тергеу изоляторында қандай тамақ жейді? Қарыны тоқ па? — деп сұрады ақсақал.

Мейірбек Уразғалиев мемлекет барлық айыпталушылар мен сотталғандардың тамағы мен басқа да қажеттіліктеріне қаржы бөлетінін айтты.

— Немереңіздің тезірек бостандыққа шығуына тілестеспіз. Таңғы асқа шәй мен жұмыртқа және ботқа беріледі. Түскі асқа сорпа мен екінші ас берілсе, кешкі асқа да екі түрлі тағам беріледі. Егерде денсаулығы сыр берсе, онда диеталық тағам береміз. Сондай-ақ күн сайын отбасы тамақ әкеліп жатыр. Сол себепті оның қарыны тоқ, аға. Тіпті өзінен сұрасаңыз да болады, — деп жауап берді Уразғалиев.

Сәбираның ұлы да есірткі сатқаны үшін тергеу изоляторына қамалған. Ол ұлының денсаулығын сұрады.

— Кинодан көріп жатамыз ғой. Ұрып-соғып, тіпті азаптайды. Сіздерде ондай жоқ па? — деп сұрады Сәбира.

Мекеме бастығы Мейірбек Уразғалиевтің айтуынша, барлық бөлмелерде бейнебақылау камералары орнатылған.

— Барлық бөлмелер мен дәліздерде бейнебақылау камералары орнатылған. Қызметкерлер ұсталынып отырған азаматтармен сөйлескен кезде арнайы бейнежетонды қосып қояды. Сондай-ақ құқыққорғау органдары мен ұйымдардың өкілдері келіп, тексеріп тұрады. Сол себепті қаңқу сөздер мен жалған ақпараттарға, кинодағы бейнелерге сенбеңіздер. Сіз де ұлыңызбен кездесіп жүрсіз. Оның тарапынан ешқандай арыз-шағым болмады, — деп жауап берді Уразғалиев.

Оның жауабына қанағаттанған ана мекеме бастығына алғысын айтт. Кездесуге келген тоғыз адамның барлығының сұрақтарына жауап беріліп, мекемеге қарасты бөлімдердің басшыларына тапсырамалар берілді.

— Осындай кездесулерді жиі өткізіп тұратын боламыз. Біз барынша ашықпыз. Кез-келген тұрғын өзін қызықтарған сұраққа жауап ала алады, — дейді Уразғалиев.