КИІМДІ ТЕГІН БЕРЕТІН ДҮКЕН АШЫЛДЫ
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында жағдайы төмен отбасылар үшін әлеуметтік дүкен ашылды.
Дүкенде аталған санаттағы отбасыларға киім кешектер тегін беріледі. «Жария» деген атаумен ашылған дүкен апта бойы күндізгі сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Дүкенді Жартытөбе ауылында жеке кәсіпкер А.Исабаев ашқан болатын. Дүкенді тауармен қамтамасыз етуге «Жария» қайырымдылық қоры мен жекелеген адамдар үлес қосуда.
Осы уақытқа дейін ашылған дүкенге 1000 мұқтаж отбасы келіп, 3000 киіммен қамтамасыз етілген. Ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да талай адамға жылылық сыйлап отырған мұндай әлеуметтік дүкенді аудандағы Құркелес, Қапланбек, Жібек жолы, Дербісек ауылдық округтерінде ашу жоспарланып отыр. Бұл үшін аудан әкімдігі арендалық алым алынбайтын ғимараттарды іздестіру жұмыстарын бастап кеткен.
Қарапайым халықтың игілігі үшін ашылған дүкеннің қызметіне жергілікті тұрғындар дән риза.