МАҢЫЗДЫ ҚҰРЫЛЫМДАРҒА АРНАЛҒАН ҒИМАРАТТАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ
Осыдан төрт жыл бұрын Түркістан қаласы облыс орталығы болғаны белгілі. Сол кезде облыстық деңгейдегі құқық қорғау органдары түгел облыс орталығы ретінде Шымкенттен кетіп, Түркістан қаласына орналастырылған. Құқық қорғау органдары орналасқан ғимараттардың бірі оған дейін қонақ үй болса, енді бірі ірі сауда нысандары болған еді. Өзгеріске байланысты олар нысаналы мақсатын өзгертіп, уақытша құқық қорғау органы мекемелерінің жұмыс істеуіне ыңғайластырылған.
Қазіргі таңда қалада облыстық прокуратура, облыстық полиция департаменті, облыстық сот пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстағы филиалы ғимараттарының құрылысы қызу жүруде.
Атап айтқанда, жеті қабаттан тұратын Түркістан облыстық прокуратурасы ғимаратының құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған. Жалпы аумағы — 2,5 гектар, ғимараттың көлемі — 10 мың шаршы метрге жуық.
Одан өзге киелі шаһарда облыстық соттың жаңа кеңсесінің құрылысы басталды. Фемида өкілдері отыратын ғимараттың құрылысы үшін әкімшілік-іскерлік орталығынан 1,85 гектар жер телімі бөлінген. Құрылысы қолға алынған жұмыстардың қатарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті орналасатын нысан да бар. Ал құрылысы қарқынды жүріп жатқан Түркістан облыстық полиция департаментінің пайдалануға берілетін күні жақын қалды. Облыс әкімі өңірдің дамуына ықпал ететін маңызды құрылымдарға арналған ғимараттар кестеге сай жүріп, сапалы орындалуы тиіс екенін жеткізді.