АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

33 жыл бұрын дәл осы ақпан айының ортасында Кеңес әскері ауған жерінен шығарылған болатын. Осыған орай, Түркістан облысының аудандары мен қалаларында сол майданға қатысқан қазақ сарбаздарына құрмет көрсетілді. Сонымен қатар қаза тапқандарды еске алу шарасы да өтті. Өңірлерде өткен шараларға шолу жасап көрейік…

Созақта аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков ардагерлермен кездесті. Шара барысында әкім олардың ерлікке толы ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі екенін тілге тиек етті. Ардагерлердің ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Мәселен, «Ерлікке тағзым» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бегалы Омарбеков ардагерлерді емдеу-сауықтыру демалыс орындарына жіберу ұсынысын тастады. Аймақ басшысы биылдан бастап демалыс орындарына жіберуді ұйымдастыру үшін тиісті бөлімге тапсырма берді. Қаржы жергілікті бюджеттен қаралмақ. Шара соңында ардагерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Сауранда Кеңес әскерінің ауған жерінен шыққанына 33 жыл толуына орай ескерткіш тақта орнатылып, ашылу салтанаты өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары С.Садыбаев, аудандық мәслихаттың хатшысы М.Күнпейісов, Түркістан облысы «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Сауран аудандық филиалының төрағасы Ақай Тілес, аудандық Ардагерлер алқасының төрағасы С.Ахметов, Сауран ауданының ауған соғысы ардагерлері қатысты.
Ал Түркістандағы «Жеңіс» саябағында патриоттық бағыттағы іс-шара өтті. Басқосуға Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Е.Нұржанов, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ж.Құлбайымбетов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ж.Күлдербаев пен ауған соғысының ардагерлері қатысты. Ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Түлкібас ауданының орталығындағы аллеяда ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Шараға аудан әкімі Н.Байғұт қатысты. Сонымен қатар ауған соғысы ардагерлеріне мемлекет тарапынан бірреттік қаржылай көмек берілді.
Бұдан бөлек, Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің мәжіліс залында «Ерлік мәңгі – ел жадында» атты кездесу өтті. Шарада жауынгерлердің ерліктері айтылып, майданда болған ардагерлерге құрмет көрсетілді. Осындай шаралар облыстың өзге де аудандарында ұйымдастырылды.