СОЛТҮСТІК ӨҢІРГЕ ҚОНЫС АУДАРУҒА НИЕТ БІЛДІРУШІЛЕР САНЫ 3 ЕСЕГЕ АРТҚАН

Халқы тығыз қоныстанған Түркістан облысының тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге қоныстандыру жұмыстары 2015 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Күні бүгінге дейін аймақтан «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында жалпы 9812 мүшесі бар 2556 отбасы қоныс аударған. Жыл өткен сайын солтүстікке көшуге ниет білдірушілер саны артып келеді. Мәселен, өткен жылдармен салыстырғанда теріскейге көшуге ниет білдірушілер саны 3 есеге өскен.

Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін түсіндіру мақсатында Павлодар облысынан Түркістанға 3 жұмысшы топ келді. Делегация өкілдері 14-18 ақпан аралығында солтүстікке қоныс аудару мәселесі бойынша ашық есік күндерін өткізеді. Онда мемлекеттік қолдау шарттары мен бос жұмыс орындары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілмек.
Айта кету керек, солтүстікке қоныс аударған азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Мәселен, көшіп келген әр тұрғынға 70 АЕК немесе 214 410 теңге көлеміндегі бірреттік қаржы ұсынылады. Бұдан бөлек, тұрғын үй мәселесін шешу үшін әрбір жанұяға отбасының құрамына байланысты 15-30 АЕК аралығында немесе 45945-91890 теңге мөлшерінде субсидиялар қарастырылған.